Русский Сайттың толық нұсқасы

Польшада мысықтардан құс тұмауы анықталды

  • AstanaTV
  • 19 шілде 2023
  • 897

Польшада 29 мысық құстарда кездесетін тұмау түріне ұқсас А тұмауының вирусын жұқтырған болып шықты, деп хабарлады жексенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ).

Мысықтардың вирусты қайдан жұқтырғаны белгісіз, ал эпизоотологиялық тергеу жалғасып жатыр. Мысықтармен байланыста болған бірде-бір адам вирус жұқтырмаған.

27 маусымда Польша билігі ДДСҰ-н елде мысықтар құс тұмауынан өліп жатқанынан хабардар етті. 11 шілдеге дейін 46 мысық пен еркіндікте жүрген бір қарақалдан алынған талдау зерттеліп, 29-ы А тұмауын (H5N1) жұқтырғаны анықталды.

Мысықтардың А вирусын (H5N1) жұқтырғаны бұрын да хабарланған, бірақ бір елдің аумағында инфекция жұқтырған мысықтардың осындай көп болуы алғашқы жағдай.

14 мысыққа эвтаназия жасалды, тағы 11-і қайтыс болды, кейінгі өлім 30 маусымда тіркелді. 12 шілдедегі жағдай бойынша, A(H5N1) вирусын жұқтырған мысықтармен байланыста болған бірде-бір адам қандай да бір белгілердің бар екені туралы хабарламады.

Инфекция жұқтырған мысықтармен байланысқан жалпы тұрғындардың оны жұқтырып алу қаупі төмен, ал жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбайтын мысық иелері мен ветеринарларда төменнен бірқалыптыға дейін.

Инфекцияның қайдан жұққанына қатысты бірнеше нұсқа бар. Оның ішінде мысықтардың вирус жұқтырған құстар немесе олардың айналасымен тікелей немесе жанама байланысын, инфекция жұққан құсты немесе тағамды жеуі мүмкін екенін атап өтуге болады.

25 мысық туралы ақпарат бар. Екеуі – көше мысығы болған, 18-і балконға шығу мүмкіндігі бар үй мысығы, ал бесеуі – қоршаған ортамен байланысы жоқ үй жануары еді. Жеті мысықтың ғана жабайы құстармен байланысу мүмкіндігі болды.

Құс тұмауы вирусы, әдетте, құстар арасында тарайды. Бірақ H5N1 құс тұмауының биологиялық тұрғыда адамға жақын сүтқоректілерге жұғып жатқанына сарапшылар алаңдап отыр. Бұл жағдай вирус адамға жұғуға бейімделуі мүмкін екенін білдіреді.

Сондай-ақ сүтқоректілер жұқтырған жағдайда адам мен жануар үшін қауіпті жаңа вирустар пайда болуы мүмкін. БҰҰ-ның бірқатар мекемелері, оның ішінде ДДСҰ өткен аптада қазіргі құс тұмауының таралуымен күресу шараларын бекітуге шақырды.

2022 жылдан үш құрлықтағы он ел сүтқоректілер арасында A(H5N1) тарап жатқанын хабарлады. Мұндай жағдай басқа елдерде болуы мүмкін, бірақ тіркелмеген. A(H5N1) вирусынан жердегі сүтқоректілермен қатар, Испанияда қаракүзен фермаларында, АҚШ-тағы итбалық және Перу мен Чилидегі фермаларда өсетін теңіз сүтқоректілері де зардап шегіп отыр.