Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана» ФК Еуропа лигасы аясында өз тобында соңғы орында

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2016
  • 2091

Еуропа Лигасындағы В тобының 3 туры аясында Грек жеріне аттанған елордалық клуб «Олимпиакостан» ойсырай ұтылды. Пирей қаласының командасы әуел баста үздіктер қатарында деп болжанған еді. Сарапшылар қателеспепті. 1 таймда 15 минут ішінде Ненад Эричтың қақпасына 3 бірдей доп соғылды. Бұл астаналықтардың жағдайын бірден күрделендіріп жіберді. Кездесудің 2-ші бөлігінде Джуниор Кабананганың қарсыласты қапы қалдырғаны қазақстандық жанкүйерлерге бір сәтке үміт сыйлаған еді, бірақ  Рохер Каньястың алаңнан қуылуы тең түсудің ауылын алыстатып жіберді. Қорытынды есеп 4:1. Астана клубының бас бапкері Станимир Стойлов қарсыластың жеңісін мойындаса да қазылардың жұмысына қанағаттанбапты. Қалай болғанда да «Астана» «Олимпиакосқа» ұпайын еселеуге жол беріп, өзі соңғы орынға жайғасты.

Ал «Барыс» болса, қарсыластың қақпашысын осылай қапы қалдырып, алыстан сермеп, нысанаға дөп тигізуінің арқасында КХЛ-да көрсеткішін жақсарта түсті. Эдуард Занковецтың жігіттері 2-ші ойын қатарынан қақпасын тас қып бекіте білген. Қонақтардың қарымы қатты болса да, өз алаңында алаңсыз ойнаған астаналықтар қорғана жүріп, бірінші кезеңде 2 шайба айырмасымен алға шықты.

Роман Савченко, «Барыс» ХК қорғаушысы:

Бапкер «Витязьдің» лигадағы белсенді команда екенін ескерткен. спортшыларының жылдам жүгіріп, ойынның ауанын әп сәтте өзгерте алатыны бізге мәлім болды. Сондықтан қойылған талапты орындадық.  Шайбаны өз алаңымыздан алыстатып, шабуылға шықтық.

Бұл ойында ойдағының бәрі іске асқандай. Бірінші кезеңнен соң елордалықтардың басымдығы арта түсті. Найджел Доус 150-ші шайбасын салуының арқасында, Брэндон Боченскиді басып озып, КХЛ-да өнер көрсететін шетелдік үздік сұрмергендер тізімінде көш бастады. Төреші шешімімен «Барыстың» білікті жігіттері 3 мәрте алаңда аз адаммен өнер көрсетуге тура келді. Ұрымтал тұсты пайдаланып ресейлік клуб абыройын сақтауға сақтау үшін 1 шайба болсын соғуды көздеді. Бірақ өткенде «Динамоның» қысымына төтеп бере алған қақпашы Хенрик Карлссон бұл жолы да сабырлы қалпын сақтай білді. Қорытынды есеп 5:0."Барыстың" өз алаңындағы ойындары ертең «Локомотивпен» кездесуден кейін аяқталады.

Айбек ҚОСАН