Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда бірнеше тұрғын аптап ыстықта күнге күйіп қалды

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2023
  • 1422

Алматыда соңғы бір айда балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына күнге күйген бес адам жүгінген. Үш бала ауруханада ем алды. Екеуі қабылдау бөлімінің жағдайында көмек алып, кейін амбулаторлық емделуге жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауруханаға жатқызылған балалардың екеуі Қапшағай су қоймасында демалып жатқанда, тағы бір бала тауда серуендеп жүргенде күнге күйген. Оларға бет, қол, иықтың 1 және 2 дәрежелі күйік диагнозы қойылды. Диагностикалық бақылау кезінде науқастарға ауырсынуды басатын дәрі, антибиотикалық терапия, витаминдер тағайындалды. Күйік жара залалсыздандырылды. Төртінші күні науқастардың бәрі сауығып, үйіне шығарылды», - деді Алматыдағы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының күйік аурулары бөлімінің меңгерушісі Раджа Жұмаділдаев.

Күн сәулесіне күйіп қалған тағы бір пациент №4 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды.

«Жағажайда күнге күйген науқас бес күн бойы өз бетінше үйде емделген. Жағдайының нашарлауы салдарынан ол біздің аурухананың жедел жәрдем бөліміне түсіп, ауруханаға жатқызылды. Оған екінші дәрежелі (L55.1) күн күйігі, денесінің жоғары және төменгі I-II дәрежелі ультракүлгін сәулемен күйген күйік диагнозы қойылды. Науқас бесінші күні ауруханадан шықты», - дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың күйік бөлімінің меңгерушісі Елдос Әлменов.

Дәрігерлер балаларды сыртқа шығаруға, тікелей күн сәулесінен аулақ ұстауға кеңес береді.

«Балаларға табиғи материалдардан тігілген жеңіл, кең киім кию керек, 11-16 сағат аралығында тікелей күн сәулесінен аулақ болу керек және күннен қорғайтын кремдерді қолдану қажет. Балаларды салқын сумен және жемістермен қамтамасыз ету де маңызды», - деді балалар шұғыл медициналық көмек орталығының көпсалалы соматикалық бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Қайпназарова.