Алматыда
90 жастағы ардагер жан жылуына мұқтаж. Тағдыр тәлкегіне тап болған ол еш
күтімсіз қалғанына қапалы. Ағайын-туыстары бола тұра, қараусыз қалған жанның
тіпті ішетін ас-суға зәру болатын кездері жиі болып тұрады.
Соғыс
ардагері Мәрия Түкпаева дәл осындай адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп келеді.
12 жыл бұрын қайғылы жағдайда қос ұлынан айырылған ол жалғыз қалған. Күйі
қашқан үйінде не электр жарығы, не жылу жоқ. Қайырым күткен қарттың маңдайы терлеп
шәй ішпегеніне де 2 айдың жүзі болыпты.
Мәрия
Түкпаева, зейнеткер:
Өткенде
аяғым шалынып құлап, 3 күндей жатып қалдым, қолтығымнан демеп көтеретін ешкімім
жоқ. Өн бойымнан суық өтіп кетті. Қазір құлағым естімейді.
Еріктілер
келіп қол ұшын берген кезде қарияның өмірі күрт өзгерген. Жанашыр жастардың
арқасында жарық пен жылу қайта қосылып, ас суын дайындап берер адам табылды.
Жастар тіпті әлеуметтік желілердің бірінде парақша ашып, «қазыналы қартқа қол
ұшын берейік» деп ұран тастаған. Соның арқасында Мәрия әжей елдің
түкпір-түкпіріндегі қайырымды жандардан көмек көріп келеді.
Евгения
Хмелева, ерікті:
Мұнда бәрі де адам көргісіз болған. Апаның жатар
орынын жаңартып, таза киім әкеп бердік. Әсіресе керегі мына жылу трубаларын
өзгерту керек болды. Себебі олар шұрық тесік. Ал, біздің қолдан мұны жөндеу
келмеді.
Ғани
Майлыбаев, Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары:
Біз
былтыр да, биыл да ол кісіге әлеуметтік көмекшінің көмегін беруді ұсындық.
Алайда, зейнеткердің туыстары одан бас тартқан болатын. Бүгін тұрақты көмек
берілмегенімен, олар анда-санда барып, қал жағдайын біліп тұрады ол кісінің.
Зейнеткер
"туыстарым бар" дейді. Мария әжейдің айтуынша, олар қарттың жағдайын
білуге бір рет те келмепті, қайта
пәтерінің құжаттарын алып қойған. Алайда, олардың да өз уәжі бар.
Клавдия
Тарасова, туысы:
Құжатын
тартып алған ешкім жоқ. Өзі берген, тығып қойыңдар деп. Тіпті қазір де ол бізге құжаттарымды ешкімге
бермеңдер деп өтінеді.
Қайраты кеміп, қауқары кеткен әжейдің пәтерін үкіметке беріп, бар жағдайы
жасалған баспанаға қол жеткізуге мүмкіндігі бар.
Әлеуметтік тұрғын үйден орын алу үшін, қария
өзі тұрып жатқан жері бойынша құжаттарын көрсету керек екен. Онда қаржы
басқармасы мен зейнеткер арасында үкіметке өз пәтерін бергені туралы келісім
жасалады. Алайда бұған қарттың туыстары келісе ме, жоқ па - белгісіз.
Дауренбек БАҚДАУЛЕТ