Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы банкке жасалған шабуылға радикалдардың қатысы жоқ - ІІМ

  • AstanaTV
  • 25 қазан 2016
  • 2413

Алматыдағы банкке жасалған шабуылға радикалдардың қатысы жоқ. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов БАҚ өкілдеріне осылай деп мәлімдеді. Айта кетейік, бүгін шаһарда банкке қарақшылық шабуыл жасалды. Белгісіз екі адам күзетшінің қаруын алып қашып кеткен. Олар әзірге бостандықта жүр.

Айгүл Ермахан, тілші:

Алмалы ауданындағы қарақшылық әрекет таңғы сағат сегіз шамасында дәл осы «Центркредит» банкінің кіреберісінде орын алды. Белгісіз екі адам күзетшінің қаруын тартып алып, қаша жөнелген. Оқиғаны көрген куәгерлер де осылай деді.

Анида Сугерова, куәгер:

Қаруды ұрлап кетті. Таңертеңнен бері полиция келіп, сұрап жатыр.  Көрген-білгенімізді айттық. 

Ізінше күдіктілерді іздеу үшін «Дабыл» ұстау жоспары іске қосылды. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Талайдың дегбірін алған қарақшылар бостандықта жүр. Шілдедегі лаңкестік әрекеттен қорқып қалған тұрғындар көшеге шығуға үрейленіп отыр. Ал еліміздің бас тәртіп сақшысы банкке жасалған шабуылға радикалдардың қатысы жоқ екенін айтты.

Қалмұханбет Қасымов,  ҚР Ішкі істер министрі:

Бұл кәдімгі қарақшылық шабуыл. Олар банктің жұмыс тәртібін тыңғылықты зерттеген. «Центркредит» банкіне таңертең ерте ақша жеткізілген. Күзетші оны тапсырып, қол қойған соң дәретханаға кеткен. Сол кезде екі адам басып кіріп, ақшаны ұрлау мақсатында банк ғимаратына өтпек болған. Күзетші өзінің травматикалық қаруын қолданып үлгермеген. Олар оны тартып алған. Дәл осы кезде басқа қызметкерлер келіп қалып, әлгі екеу қашып кеткен.

Айгүл Ермахан, тілші:

Қарақшыларға қарсылық көрсеткен күзетшінің жағдайын білмек болған едік. Шабуылшылардың әрекетінен қорқып қалған банк қызметкерлері есіктерін ішінен бекітіп, байланысқа шықпады. Бірақ түс ауа кейбір ақпарат құралдары күдіктілерге қарсылық көрсетпек болған күзетшінің аздап дене жарақаттарын алғаны туралы ақпарат таратты. Оның өміріне аса қауіп төніп тұрмағаны айтылған. Бұл іске қатысты Қылмыстық Кодекстің 192-бабы, яғни "Қарақшылық" дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Алматылық полицейлер күдіктілер қолға түсісімен шұғыл хабар беретінін жеткізді.

Айгүл ЕРМАХАН