Түркістан қаласына отырғызылған ағаштардың көпшілігі жерсінбеді. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының халқымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркістан қаласында аллеялар мен көшелерге отырғызылған ағаштар қурап жатыр.
Түркістан облысының әкімімен кездесуде қала тұрғындары тарапынан осы мәселе көтерілді.
Бұл жағдаймен етене таныс екендігін айтқан Дархан Сатыбалды алдағы уақытта көгалдандыру ісіне ғалымдар тартылатынын жеткізді.
Соның нәтижесінде табиғатқа қолайлы ағаштарды отырғызу ісі қолға алынады.
«Көгалдандыруға байланысты сынды мен көріп отырмын. Әлеуметтік желіден де оқимын. Тиісті басқармалар мен қала әкімдігіне тапсырма бердім. Бұл тек Түркістан қаласында ғана емес, басқа аумақтарда да осындай мәселе бар. Түркістандағы парктер мен аллеяларды көрсеңіздер, кей жерлерде шырша, ал кейбір жерде басқа ағаштар егілген. Бірақ олардың көбі жерсінбей отыр»-деді Дархан Сатыбалды.
Ал, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қаладағы ағаштар кешкі сағат 19:00 бен таңғы сағат 06:00 аралығында 40 техникамен суарылып жатқанын айтты.
Мұнан бөлек, Арыс-Түркістан каналы және Қосқорған су қоймасы мен ұңғыма арқылы суару жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.