Ресейдің Приволжск федералды округінде күн райының қолайсыздығынан 9 адам қаза тауып, тағы 67 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС-қа сілтеме жасап.
«Кешеден бері Приволжск федералды округіне қарасты 8 субъектінің аумағына (Татарстан және Марий Эл Республикалары, Чуваш Республикасы, Нижний Новгород, Пенза, Ульяновск, Киров және Самара облыстары) екпіні 27 м/с-қа дейін жететін желмен бірге қауіпті метеорологиялық құбылыстар әсер етуде. 76 адам зардап шекті, соның ішінде 9 адам қаза болды», - делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінде.
99,5 мың адам жарықсыз қалды. Құйынды жел, сонымен қатар 41 тұрғын үй мен 7 әлеуметтік нысанның шатырына зақым келтірді, 550 ағаш құлады. Табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарда ведомствоаралық жедел штабтар жұмыс істейді. ТЖ салдарын жоюға 758 адам және 180 техника жұмылдырылған.
"Ресей ТЖМ құтқарушылары тұрғындарға қолайсыз күн райы салдарымен күресуге көмектесіп жатыр – құлаған ағаштарды алып тастап, жолдарды тазартуда, атаулы көмек көрсетуде", - деп қосып өтті ТЖМ-нан.
Гидрометеорология орталығының болжамына сәйкес, циклон Татарстан, Марий Эл, Башқұртстан, Чувашия Республикаларына, Самара, Нижний Новгород, Киров, Саратов және Ульяновск облыстарына ықпалын жалғастырады. Онда қатты жаңбыр жауып, жел 28 м/с дейін күшейетіні күтіледі.
Ресей ТЖМ тұрғындардан табиғат аясына шықпауға, суға түспеуге, ағаштар мен ескі ғимараттардан алыс жүруге кеңес берді.