Жасыл
экономика-жарқын болашақ кепілі. «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық
филиалында баламалы энергия көздерін кеңінен пайдалану жайы талқыға түсті. Өңірлік комиссия мүшелері Қазақстанның 2013-20 жылдарға арналған «Жасыл экономикаға өту
жоспарын» талқылады. Осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі болды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық басқармасы өкілдері аймақта құны 32 миллиард теңгелік үш ірі жоба
іске аспай тұрғанын айтады. Инвесторлар бар, алайда теңгенің құнсыздануына
байланысты олар аса құлық танытпай отырған көрінеді.
Гумбат
Иманов, Қостанай облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
Қондырғылар
шетелде шығарылады. Шақырылған инвесторлар оларды орнатуға дайын, тек шетелдік
валютамен жұмыс істейміз деп отыр. Ал біздегі электр қуатының тарифі теңгемен
есептеледі.
Аймақта
қуаттылығы төмен 6 қондырғы орнатылған. Мал шаруашылығымен айналысатындар
баламалы энергия көзін пайдаланудың тиімді екенін ескермей отыр. Егер шаруа
қымбат қондырғы сатып алса, жұмсалған қаражаттың 80 пайызын субсидия арқылы қайтаруға
мүмкіндік бар. Осы ретте жиынға қатысушылар шалғайдағы шаруалардың мемлекет
қолдауынан құр қалып отырғанын қынжыла отырып жеткізді.
Валерий
Пилипенко, серіктестік директоры:
Мемлекет
қолдауы арқылы шаруа қожалықтары осындай қондырғылар орната алады. Тіпті тегін
деуге болады. Өйткені қаражаттың сексен пайызы кері қайтарылады.