Ақмола облысының Астрахан ауданындағы Старый Колутон ауылында үш бала әкесі тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтындығы хабарланды. Бұл туралы құқық қорғаушы Дина Таңсәрі әлеуметтік желідегі парақшасында ақпаратты тексеруге шақырды.
«Ақпаратты тексеруді сұраймыз! Балалар омбудсмені, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, #НеМолчиKZ қорының сенім телефонына бір отбасынан шыққан үш балаға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық туралы хабарлама келді», - деді Дина Таңсәрі.
Ол оқиғаның қайда болғанын айтты.
«Старый Колутон ауылы, Астрахан ауданы. Ата-аналар ішімдікке салынған, балаларды әкесі зорлайды. Бұл ақпаратты балалардың әжесі еріктілерге айтты. Тексеруді және шаралар қабылдауды сұраймыз», - деді құқық қорғаушы
Полиция сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Үш баланы (7, 9 және 11 жас) дәрігерлер тексерді — дене жарақаттары анықталған жоқ. Медициналық сараптама тағайындалды.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқығын қорғау комитеті оқиғаны назарға алғанын хабарлады.