Қарағанды облысында балалардың уланып, бір баланың қайтыс болуына байланысты тергеу басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 30 шілдеде екі бала өзін нашар сезінген. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бір баланы құтқару мүмкін болмаған.
Осы жылдың 31 шілдесінде балалардың тамақтан улану дерегі бойынша "Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" КММ ҚР ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының бақылауына қабылданды.
Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.
Тиісті сараптамалар тағайындалды.
"Тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады.
Елімізде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеме бар (37 балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 47 балалар үйі, сондай-ақ 2959 баланы қамтитын отбасын қолдау орталықтары).
Сонымен қатар, Бас прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақтық прокурорларға аталған мекемелерді кешенді тексеруді ұйымдастыруды тапсырды",- деді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.