Русский Сайттың толық нұсқасы

"Уланған балалардың жағдайы өте ауыр", - дәрігер

Қарағанды облысында балалар жаппай уланып жатыр. Бір бала қайтыс болды, алтауы жансақтау бөлімінде. Қалған бес бүлдіршіннің жағдайы жақсы. Әзірге балалардың нақты неден уланғаны белгісіз.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРИЯЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Балаларға қазір белгісіз заттан улану диагнозы қойылып отыр, яғни уланудың нақты себебі белгісіз. Бірақ, тамақтан емес. Оны анықтауға уақыт керек. Ауруханаға түскендердің бәрі – ер бала.

Оқиға Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болған. 30 шілдеде екі баланың іші өтіп, ауруханаға түсті. Араға бір күн салып осы мекемедегі тағы 10 баладан ұқсас белгілері бар дерт анықталған. Бүгін түстен кейін тағы екі баланың іші ауырып, стационарға жеткізілді.

Ержан ЖҮНІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бізде реанимацияда жатқан 4 науқастың жағдай өте ауыр. Біз барлық биологиялық сұйықтықтарды зерттеуге алдық. Қандай вирус екенін тексереміз. Бұдан бөлек, нейро-бокс бөлімінде бес науқас жатыр. Олардың жағдайы орташа. Сонымен қатар, қалалық балалар ауруханасында тағы екі бала реанимацияда жатыр.

Балалардың ауыр жағдайда жатқанына байланысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысына арнайы барды.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Медиктер жұмыс істеп жатыр. Әртүрлі емханалардан медициналық топ барлық сол жердегі 160 баланы тексеруде. Басқа да бөлімдегі ішім ауырады, қандайда бір шағымы бар балаларды медициналық қызметкер бақылауға алып жатыр.

Бұл орталықта 160 бала бар. Уланған 12 бала - "Қуаныш" тобының бүлдіршіндері. Қалған екеуі басқа топтан. Қазір оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалды. Мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен босатылды.

Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Қайғылы жағдайдың себептері тексерілуде. Ол туралы кейінірек толық ақпарат беретін боламыз. Оған жол берген адамдардың барлығы қатаң түрде жазаланатын болады.

Уланған 14 баланың алтауы - жетім, төртеуі - ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Тағы төрт баланың отбасы бар. Елімізде мұндай медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеме жұмыс істейді.