Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 4 жасар ұлының өлімі бойынша күдікті ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

  • AstanaTV
  • 02 тамыз 2023
  • 879

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 4 жасар баланың өлімі бойынша сотталушы әкеге қатысты үкім шықты. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

41 жастағы ер адам Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігімен айыпты деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол жазасын қауіптілігі барынша жоғары түзету мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сот мұндай жағдай қайталанбас үшін облыстық полиция департаменті бастығына, облыстық білім басқармасының басшысына жеке қаулы шығарды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, сотталушы өз баласын қатты затпен ұрған. Алдымен басынан, кейін кеудесінен соққы жасаған. Бала есінен танып құлаған. Баланың денесін 10 күн балконда ұстаған. 2022 жылы 24 желтоқсан күні 23:00-де сотталушы қылмысын жасыру үшін ұлының денесін көміп тастаған. Сотталушы соңғы сөзінде тағылған айыппен келіспейтінін, өзін кінәлі санамайтынын айтты.

"Анаммен бірге тұрдым. Балалар өте ширақ еді. Үлкені гипербелсенді болды. Ал Д. өте сабырлы еді. Қызым А. өте қамқор. Маған көмектесіп жүрді. Анамның үйінде көп тұра алмадық. Себебі үлкен ұлым кіші ұлым Д.-ны ұрды. Сол үшін анам екеуіміз ұрысып қалдық. Бөлек шығуға тура келді. Сөйтіп пәтер жалдадым. Сол жерде жазатайым оқиға болып, Д. көз жұмды. Бұл туралы мен сот отырысында айттым. Сол күнгі оқиға әлі күнге дейін көз алдымда. Мен жынданып кетемін бе деп те ойладым. Баламнан айырылғандағы жан күйзелісі әлі де бар. Баламнан айырылғаныма сенгім келмеді. Бәлкім сондықтан да мен полицияға хабарласып, жоғалып кеткені туралы хабарлаған шығармын. Өмірдің мәні кетті. Баламның өліміне кінәлі деп танымауыңызды сұраймын. Мен бар баламды жақсы көремін. Маған мүмкіндік беріп, жағдайды өзгертуге болады деп ойлаймын", - деді сотталушы соңғы сөзінде.

Сотталушының кінәсі сарапшылардың айғақтарымен, медициналық-криминалистикалық және сот медициналық сараптама қорытындысымен дәлелденді.