Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде баламен қайыр тілеп отырған әйел жауапқа тартылды

  • AstanaTV
  • 02 тамыз 2023
  • 897

Өскеменде баламен қайыр тілеген әйел екі бап бойынша жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі yk-news.kz-ке сілтеме жасап. 

Әлеуметтік желіде қаладағы жаяу жүргіншілерге арналған жолүсті өткелде кішкентай баламен қайыр тілеп отырған әйелдің видеосы тарады.

Желі қолданушылары баланың денсаулығына алаңдап, әйелдің оған кім болып келетінін анықтау керегін жазған.

ШҚО Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, қазір әйел адам табылып, бұл дерек бойынша тексеріс жүргізілген.

"Қайыр тілеген әйел 2 бап бойынша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 449-бабымен (қоғамдық орындарда тиісу), 492-бабымен (Қазақстанда тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұру) жауапқа тартылды", - делінген ақпаратта.

Бірінші бап бойынша 17 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелсе, екінші бұзушылық үшін оған ескерту берілген.

Сондай-ақ, ПД бала әйелдің немересі екенін айтты.

Полицейлер баланың туыстарында қалатыны, әлде Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілетіні туралы нақтыламады.