Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда анасынан аяусыз таяқ жеген бүлдіршін мемлекеттің қорғауына алынды

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2016
  • 2735

Павлодарда қатігез анасынан таяқ жеген бүлдіршін мемлекеттің қорғауына алынды. Ішкі істер департаментінің өкілдері хабарлағандай, 3 жасар Айлин қазір арнайы мекемеде. Оны дәрігерлер өз бақылауына алды. Бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған. Сәбидің әкесі мен оның туыстары, жазықсыз баланы соққыға алған жауыз әйел заңға сәйкес жазалануы керек, деп отыр.

Бұл бейнежазбаны Нұргүл Докуованың өзі түсірген. Қаршадай қызын аяусыз ұрып-соғуда. Түсірілім авторын ішкі істер департаменті бірден анықтаған. 34 жастағы Павлодар тұрғыны бұған дейін полицейлердің назарына ілінбепті. Тасбауыр ана өз әрекетін бұрынғы күйеуіне ерегісіп істедім деп түсіндірген.

Бибігүл Қамзина, Павлодар облыстық ІІД ювеналды полициясының басшысы:

Оның сөзінше, қазір екеуі бөлек тұрады. Эмоциялық күйзелістің салдарынан осындай әрекетке бардым дейді. Баланың денсаулығы мен психологиялық жағдайын анықтау үшін, түрлі сараптамалар тағайындалды.

Нұргүл Докуова қаладағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрады. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені 8 жаста, кішісі Айлин үш жарымда. Қатігез анамен хабарласқан едік, ол бізбен тілдескісі келмейтінін айтты.

-Алло, можно Нургуль? -А кто спрашивает?- Это телеканал «Астана», журналист спрашивает.  -Нет, ничего мы не скажем!!!

Бүлдіршіннің туыстарының айтуынша, ботадай боздаған сәбиді аяусыз соққыға алған бейнежазба алдымен ата-әжесіне жіберілген. Олар бірден полицияға хабарлап, қамқорлық органдарын құлағдар еткен. Ержан Қасымов жеңгесінен мұндай қатігездікті күтпегенін айтады. Бұған дейін де келеңсіз жайттер болғанын жайып салды. Ержанның айтуынша, Айлиннің үш айлығында анасы оны емізуден бас тартқан. Ал былтыр түсініксіз жағдайда баланың қолы сынып, ауруханаға түскен.

Ержан Қасымов:

Тиісті органдарды жұма күні құлағдар еттік. Бірақ, демалыс болғандықтан ба, бәрі тыныш, өзгеріссіз өтті. Күтуден басқа амалымыз болмады. Дүйсенбіде таныстарым арқылы жазбаны интернетке жүктеуді ұйғардым. Осылайша бұл проблемаға қоғамның назарын аударғым келді. Шыны керек, дәл осындай шу болады деп ойлаған жоқпын.

Туған қызын соққыға жығып, оны камераға жазған әйелдің жүйке жүйесінде ауытқу бар ма? Осы сұраққа жауап іздеген психологтар, бұл мәселе жан-жақты зерттелу керек, деп санайды. Баланы сабаудың түрлі себебі болады. Алайда, оны әдейілеп таспаға түсіру қалыпты жағдайға жатпайды деп отыр.

Татьяна Кравцова, психология ғылымдарының кандидаты:

Психолог ретінде айтатыным, бұл қылығы арқылы әйел өзіне, қазіргі тап болған жағдайына адамдардың көңілін аударуды көздеген. Сол үшін осындай әрекетке барып отыр. Бірақ бір нәрсені есте сақтау керек. Әр бала ата-ананың әрекетін қалыпты, дұрыс деп қабылдайды. Яғни анасының әр қадамы ол үшін заңды. Сондықтан оны мұндай жағдайда қалдыру қауіпті.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 140-шы бабы, яғни «балаға қатыгездік көрсету» дерегі бойынша  іс қозғалды. Оның санкциясы 300 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл немесе 75 тәулікке дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Әзірге белгілісі - үш жасар Айлин арнайы мекемеге қабылданған. Оның жағдайын  психолог-мамандар жіті бақылауға алыпты