Русский Сайттың толық нұсқасы

Лилия Рах пен оның сыбайластарының ісі бойынша сот отырысы жалғасты

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2016
  • 2586

Адам ұрлады деп айыпталған Лилия Рах пен оның сыбайластарының ісі бойынша сот отырысы жалғасуда. Жәбірленуші Хамро Сувановтың жауабы адвокаттардың күмәнін тудырды. Ол тергеу кезінде Мири Паздан алған бағалы әшекейлер саны жетпіс екенін хаттамада көрсеткен еді. Ал, бұған дейінгі сот отырысында Паздың үлесіндегі құнды әшекейлер саны 25-30 деген болатын. Жәбірленуші бұған қатысты тергеу кезіндегі хаттамада қате кеткенін айтты. Оның сөзінше, кепілге қойылған бағалы заттардың жалпы саны 70, оның 30-ы Мири Пазға тиесілі. 10 данасы Лилия Рахтың үлесінде, қалғаны - өзінің жеке меншігіндегі бағалы бұйымдар. Хаттамада қате кету себебін тергеу кезінде денсаулығының нашарлап кеткенімен түсіндірді. Бүгінгі сот отырысында да оның денсаулығы сыр беріп, судьяның процесті бірнеше сағатқа үзуіне тура келді. Сондай-ақ Мири Паздың жәбірленушіден 200 мың АҚШ долларын қарызға алып, кепілге бағалы әшекейлерді қойғаны белгілі болды.

Айта кетейік, алматылық кәсіпкер Лилия Рах пен оның үш сыбайласы "Адам ұрлады" деген күдікке ілінген. Қалалық ішкі істер департаментінің ақпарынша, олар Өзбекстан азаматын ұрлап, мәжбүрлі түрде ұстап отырған. Сот "жабық есік" жағдайында өтіп жатыр, сондықтан фото мен бейнежазбаға рұқсат етілмейді. 

Айгүл ЕРМАХАН