Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда 200-ге жуық отбасы баспаналарына кіре алмай отыр

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2016
  • 2594

Ақтауда 200-ге жуық отбасы жаңа баспаналарына кіре алмай отыр. Үлескерлер 2 жыл бойы құрылыстың аяқталуын асыға күткен. Баспана кілті қолымызға енді тие ме дегенде, көпқабатты үй орналасқан жердің басқа кәсіпкерге тиесілі екені белгілі болды. Салдарынан барлық коммуналды қызмет тоқтатылған. Құрылысты жүргізген мердігер компания жердің қожайынымен келісім жасаспай жұмыстарды бастап кеткен. Даудың басы осыдан басталған сыңайлы. Екі ортада бұрынғы баспаналарын сатып, жаңа үйге қоныс аудармақ болған тұрғындар сабылып жүр.

Арғын Хабиев, үлескер:

Жылуды өшіріп, суды тоқтатып қойды. Басқа барар жеріміз жоқ. Осы тұрған адамдардың бірінің несиесі болса, енді бірінің шиеттей бала-шағасы бар. Қос тарап мына жер учаскесін бөлісе алмай отыр. Зиянын біз тартып жатырмыз.

Телімнің қожайыны бұл жерді әкімдіктің қаулысымен алғанын айтады. Келісімге сай ол мұнда медициналық колледж бен емдеу мекемесін және дәрігерлерге арнап 7 үй салу керек болған. Алайда  салынған үй саны 9. Енді қос тарап та «менікі жөн» дегенді алға тартып отыр.

Николай Корниенко, "Альфа-Тур" ЖШС басшысы:

Маған тиесілі 1,6 гектар жерді берсе, мына үйлер қолданысқа берілер еді ғой. Мен оған колледж, спорт зал, тіпті медициналық мекемесін де салып берем дедім, салып бердім. Енді ол маған алғыс білдіргеннің орнына мәселені дауға айналдырып отыр.

Майя Ханчевская, "Меридиан"  медициналық колледжі директоры:

Келісім негізінде 3 бірдей оқу ғимаратын тұрғызып беруі тиіс. Мен осы жұмыс бітсе, барлық қағаздарға қол қойып берер едім, алайда ол 1,6 гектар жерді жәйдан жәй бере салуды сұрайды. Біз оны неге бере салуымыз керек?