Мемлекет басшысы Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Екібастұз жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Президент жұмысқа жауапкершілікпен қарау керек деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл жұмыс бақылауымызда болады енді. Бұл өте маңызды жұмыс. Олқылықтар болса біз оған тиісті шешімдер қабылдаймыз. +Қалаларымыздың тұрғындары шыдамдылықты, сабырлықты танытып отыр. Бірақ оған шек болу керек қой. Сондықтан әкімдіктерге осындай тапсырма беріп жатырмын. Қиын жұмыс болса да дегенмен оны толығымен реттілігімен орындау керек.
Содан соң, Мемлекет басшысы орамішілік және магистральдық желілердің алдағы жылу маусымына дайындық барысын тексерді. Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, бүгінде мұнда жүргізілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 304 ақау жойылып, 62 шақырым құбыр мен 95 дана бекіту арматурасының 76-сы ауыстырылған. Сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылған. Бұдан өзге, Президент кездесуде жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін мәлімдеді. Ол үшін экономикаға тың серпін беру керек деді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Халық бізден нақты шешімдер күтеді, өйткені ең өзекті мәселелерді шешу қажет. Халқымыздың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету еліміздің экономикасының даму тұжырымдамасына қатысты біздің ұстанымымызға тікелей байланысты.
Жалпы Екібастұзда апатты жағдайлардың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру аса қажет. Бірінші жоба – Екібастұз ЖЭО-на техникалық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін магистральдық құбыр құрылысы. Екіншісі – жаңа жылу магистралінің құрылысы. Бұл қаланың төрт шағын ауданындағы жылу жүйесінің теңгерімділігін қамтамасыз етіп, 9 мыңнан астам қала тұрғынын жылумен қамтамасыз етеді.