Русский Сайттың толық нұсқасы

Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Астаналықтар Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шараға қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым, шығармашылық сала өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Ұлт перзентінің туған күніне орай ұйымдастырылған жиын Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді.

Есет БАЙКЕН, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Хакім Абайдың қара сөздері, өлеңдері тек қана қазақ халқына емес тұтас адамзаттың игілігіне жарайтын асыл рухани мұра. Біз Абайды тану арқылы, үйрену арқылы өзімізді танимыз. Ақынның аманатына адал болу үшін игі істерге ұмтыламыз.
Абай өз заманында елге үлгі болып, қалың қазақтың рухын оята білді. Терең мағыналы сөздерімен, өлеңдерімен тұтас ұлтты тәрбиеледі. Ғұмырын ғылым мен білімге арнады.

Ерлан ҚАНАЛИМОВ, ҚАЛАЛЫҚ МАСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Берлин, Стамбул сияқты ірі қалаларда Абай атамыздың атына орталық көшелер беріліп жатыр. Оның барлығы бір-ақ мәселені білдіреді. Абай атамыз құр қазақ халқын емес, бүкіл адамзаттың ақыны, адамзаттың хакімі деп айтуға болады.
Ләйлә Баймағамбетова – Абайдың бәйбішесі Ділдәден сүйген тұңғыш баласы Ақылбайдан тарайды. Ұзақ жылдар оқу-ағарту саласында еңбек еткен. Кейін Семейдегі Абай музейіне ауысады. Астанаға қоныс аударғанына он жылдың жүзі болыпты.

Ләйлә БАЙМАҒАМБЕТОВА, А. ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ҰРПАҒЫ:
Абайдың қай өлеңін алсақ та тәлім-тәрбиелік мәні зор асыл мирас. Абай халықты, әсіресе жастарды білімге, өнерге, ғылымға, еңбекке шақырады.
Абай мен қазақ елі егіз ұғым. Кемеңгер ақынды қазақтың төлқұжаты дейтіні де сондықтан.