Қызылордада 40 адамға арналған дағдарыс орталығы бар. Жыл басынан бері оны 200-дей адам паналады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Ресми атауы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы болғанымен, жұрт оны "дағдарыс орталығы" деп атайды. Биыл мұнда түскен 200-ге жуық адамның ең үлкені 75 жаста. Орталықты әлсіз топтағылар - әйелдер, балалар мен қарттар паналайды. Мұнда ең көбі жарты жыл тұруға рұқсат беріледі. Мамандар осы уақытта олардың жағдайы бірқалыпқа түсуіне көмектеседі.
"Қолында, құрсағында баласы бар әйелдер көп түседі. Бір жылда шамамен бес әйел осында келген соң босанып, баласын бақты. Тағдырдан теперіш көрген жандар өз үйінде жүргендей сезінуі үшін бізде барлық жағдай жасалған", - деді орталық директоры Жандос Тұсмағамбетов.
Шаңырақтағы "шайқас" ұрып-соғумен шектелмейді. Бірін күйеуі, енесі ақшадан қысып, екіншісін құлағының құрыш етін жеп күн бермеуі мүмкін.
"Біздің көмегімізге жүгінетіндер қатары көбейді. Қорқынышты статистика болғанымен, бұл - қазақ әйелдерінің көзі ашылып келе жатыр деген сөз", - деді орталық жетекшісі.
Орталық өкілінің сөзінше, ерлі-зайыптылар татуласпаса да, "елден ұят болады" деп енелері, басқа жақын-жуығы келін-немерелерін алып кетіп жатады екен. Бірақ орталық мамандары олардың 8 пайызы орталыққа қайта айналып келетінін жеткізді.
Айта кетейік, елімізде әрбір үшінші отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Ал 400-ден аса әйел көз жұмады.