Өңірдегі Жаңа Қанай ауылындағы психикалық денсаулық орталығының кетеуі кетіп, тозығы жеткен. Ал жаңа ғимарат салу мәселесі шенеуніктердің алдында үнемі көтерілгенімен шешімін таппай келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Аты айтып тұрғандай, мұнда сырқаты асқынған, психикалық ауытқуы бар жандар ем алады. Осыдан бірнеше жыл бұрын өткен ғасырдың 40-шы жылдары салынған ғимаратқа республикалық комиссия емдеу мекемесіне лайық емес деп баға берген болатын. Содан бері жаңа ғимарат салуға қаржы бөлінбей келді. Ал психикалық денсаулық орталығына жолы түскен өңір тұрғындары есіктері сықырлап, кірген бойда көңілдерін қорқыныш билейтінін әр жылы айтып жүрді.
Аудан әкімдігіндегілердің мәліметінше, нысанның бірнеше корпусы бар. Ресми ақпаратқа сәйкес, алдағы уақытта мұндағы жағдай өзгереді.
"Бұл маңызды мәселе. Неше жылдан бері шешілмей жүрді. Бұлай болмайды, мұнда ем алып жатқандар біздің азаматтарымыз. Осы қалпында жатқызып қойған жарамас, тығырықтан шығар жол - нысанды толығымен сүріп тастау", - деді өңір басшысы Ермек Көшербаев.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, ерлер мен әйелдер бөліміндегілерді қосқанда 46 адам ем қабылдап жатыр. Барлығы бір бөлімшеге жатқызылған. Облыс әкімі тиісті жұмыс көп шығын келтірмейтінін айтты. Жаңа корпус бой көтерсе, Бозанбай ауылындағы дәл осындай орталықтағы жүктемені азайтуға мүмкіндік туады. Одан бөлек, орталыққа 93 адам кезекте тұрған көрінеді.
Осыдан төрт жыл бұрын жобалық-сметалық құжаттама аясында ғимарат құрылысына 3,5 млрд теңге қажет делінген еді.