Русский Сайттың толық нұсқасы

"Енем StandUp қарамайды". Жансая Мұратбекова әзілдеріне қайын жұртының көзқарасы туралы айтты

  • AstanaTV
  • 16 тамыз 2023
  • 978

Стендапер, сценарист Жансая Мұратбекова "Dope soz" бағдарламасына берген сұхбатында Standup-қа шығуына, жалпы әзілдеріне қайын жұртының көзқарасы туралы айтып берді, деп хабарлайды Massaget.kz.

"Standup-қа шығатын кезде неге екенін білмеймін, қайын жұрттан емес, өз туыстарымнан қорықтым. Алғашқы шығарылымда 7 ағам туралы айтып, лаққа теңеген болатынмын. Ең соңында "7 лақтың бәрі бір-бір ешкінің соңынан кетті" дедім. Бірақ ағаларым әзілді түсінді. Ал қайын жұртыма таныстары "Жансая осындайға шығып, Дидарды жамандап жатады, неге айтпайсыңдар?" деп айтып отырады екен. Енем оларға "жастардың өзінің ұнатқан бағыты сол, олар өздері біледі, шектен тыс шықпаса болды, күйеуі рұқсат берсе неге араласуым керек?" деп жауап берді", - дейді стендапер.

Оның айтуынша, бала күнінен журналист болуды армандаған. Бұған әкесінің үміт артуы себеп болған. Тіпті қазіргі сөз саптауына да әкесінің қосқан үлесі зор.

"Бала күнімде журналист болуды қатты армандайтынмын. Әкем "осы қызым түбінде бір жерді тесіп шығады, әлі-ақ менің атымды танытады" деп жиі айтатын. Қазіргі сөздік қорымның мол болуы әкемнің арқасында деп айтамын. 8-сыныпта әкем қайтыс болды. Бүкіл мақсатым, журналист болам деген арманым бәрі қалды. Кітап та оқыған жоқпын, құлшынысым да болмады. Қай бағытқа барарымды білмедім. Сабақ үлгерімім қатты төмендеп кетті. Химиядан "3" алдым. Сол кезде химия пәнінің мұғалімі "егер әкең осы "үштігіңді" көрсе риза болар ма еді, қалай ойлайсың?" деді. Содан кейін есімді жиып, жігерлендім. Бірақ журналистиканы таңдамадым. Себебі мені артымнан бұрынғыдай жігерлендіретін әкем болмады. Сол үшін анама салмақ салмау үшін "Топырақтану және агрохимия" мамандығына грантқа түсіп, бітіріп шықтым. Бірақ бұл сала бойынша жұмыс істемедім. Есесіне, қазір бала күндегі арманым орындалып жатыр. Әкемнің атын шығарып жүрмін", - деді стендапер.