Жемқорлардан тәркіленген қаржы 62 мектептің құрылысына жұмсалды. 16 өңірде 76 мың орынға арналған білім ошақтары жаңаруда. Нәтижесінде апатты және үш ауысымда білім беретін мектептер азайды. Мемлекет қаржысын жымқырғандардан 151,6 млрд теңге қайтарылған. Қаржы білім беру инфрақұрылымын дамыту қорына жиналды.
Еділ ОСПАН, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Негізінен апатты, үш ауысымды және оқушы орын тапшы мектептер мәселесін шешуге бағытталды. Министрлік қазіргі таңда осы мектептердің құрылысына тұрақты мониторингті жүргізіп келеді. Бүгінгі күнгі жағдайға сәйкес 15 мектептің құрылысы аяқталды.
Құрылысы аяқталған екі мектеп Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Білім ұйымдарына 684 миллион теңге бөлінген. Бұған дейін ауылдағы оқушылар кітапхана мен мәдениет үйін және жастар ресурстық орталығында білім алған еді. Мамандар мұны құрылыстың толық қаржыландырылмауымен байланыстырады.
Сырым ЕРБОЛАТОВ, БҚО ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
1-қыркүйекке дейін аталған мектептердің жұмыстарын толықтай тапсырып аяқтап қолданысқа беру жоспарда тұр. Сонымен қатар ағымдағы жылы оқу-ағарту министрлігімен БҚО-ның Орал қаласындағы №31-мектеп, 400 орындық мектептің құрылысына 2,5 млрд тг қаражат бөлу жөнінде бюджеттік өтінім жолданған болатын. Қаражат бөлінген жағдайда жаңағы мектептің құрылысын бастау жоспарлануда.