Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысындағы шахтадан тағы бір кеншінің денесі табылды

Қарағанды облысындағы Қазақстан шахтасында тағы бір кеншінің денесі табылды. Қалған екі шахтердың қай аумақта екені белгілі. Алайда өрт сөнбегендіктен, құтқарушылар 700 метр тереңдіктегі қою түтіннен ол маңайға жете алмай жатыр. Бұл туралы бүгін арнайы брифингте мәлімделді. Сонымен шахтадағы апатқа не себеп болды? Тілшіміз Айжан Қуаш тарқатады.

Бүгін Қазақстан шахтасында 700 метр тереңдікте қалып қойған үшінші кеншінің денесі жер бетіне шығарылды. Тағы екі шахтерды құтқарушылар іздеп жатыр. Кеншілердің қай аумақта екені белгілі. Өрт басталған сәтте кен орнындағы 227 адамға бірдей шұғыл дабыл қағылып, бейне бақылау жүйесі жағдайды түсіріп үлгерген. Алайда шахтадағы қара қою түтін мен өрттен оларға жету мүмкін емес. Өрт әлі сөнбеген.

Сергей ОГАЙ, «АРСЕЛОРМИТТАЛ ТЕМІРТАУ» АҚ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Барлығы дабылды естіді. Бірақ 5 адам неге шығып үлгермеді оны комиссия анықтайды. Қазір шахтаны желдетіп өртті сөндіре отырып құтқарушылар аумаққа жетуге тырысып жатыр. Көмірдің түтіні қою.

Мамандардың айтуынша шахтерлар жер астында құтқару қондырғысымен 5 сағат тыныстауы мүмкін. Одан кейін ауа таусылады. Сондықтан іздеудегі екі кеншінің тағдыры белгісіз. Тағы 9 адам әлі ауруханада емделуде. Ал қайтыс болған үш шахтердың жақындары төтенше жағдайға кінәлілерді анықтауды сұрайды. Алиса Сычева кеше денесі табылған Виталий Слюньковтың отбасылық досы. 39 жыл шахтада электродәнекерлеуші болып жұмыс істеген марқұмның барлық қауіпсіздікті сақтағанына сенімді. Сондықтан өртке қандай бір салғырттық себеп болды,- дейді.

Алиса СЫЧЕВА, ОТБАСЫНЫҢ ДОСЫ:

Бүкіл Шахтинск қайғымызға ортақтасып отыр. Алыс- жақындар. Өте өкініші, жақынымыздан айырылдық. Біз бұл апатқа кінәлілер жауапқа тартылады деп сенеміз. Өйткені қазір әділдік жоқ.

Бүгін брифингте шахтада өртенген конвейерлік таспаның бірнеше күн бұрын ғана айырбасталғаны айтылды. Оның ұзындығы 1 жарым шақырым. Ресей мен Украинадан әкелінген қондырғының сапасы нашар болды ма, әлді дұрыс орнатылмады ма оны арнайы комиссия тексермек. Алайда апаттың себебін анықтау іздеу шаралары аяқталған соң ғана басталмақ.

Вадим БАСИН, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Қандай қате кетті? Бұл апатқа себеп болды ма? Оның бәрі анықталады. Техникалық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыс неге мұндай қайғыға әкелді? Сол жағын тексереміз.

Бүгін ҚР Премьер – Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан шахтасындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді. Ол Төтенше жағдай және Экология министрліктеріне «АрселорМиттал Теміртау» АҚ- ын шұғыл тексеруді тапсырды.