Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қазір денем шымырлап кетеді". Қызылордалық зейнеткер қалай 13 жыл трактор жүргізгенін айтты

  • AstanaTV
  • 19 тамыз 2023
  • 1504

Он үш жылын комбайн мен трактор үстінде өткізген қызылордалық Рахима Досжанова жас кезіндегі оқиғаларды еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылында тұратын Рахима апай ең алғашқы көлігі қандай болғанын айтты.

"МТЗ-50" комбайны еді. Жұмысқа жаңа кіріскендіктен, ескісін берді. Соны үш жыл бойы жүргіздім. Әуелгі кезде комбайн орнынан қозғалғанша қорқатынмын. Бірақ ешкімге білдірмеймін. Намыс жібермейді", - деді Рахима апай.

Ол маусымдық жұмыс бастаған жылы-ақ жаңа комбайнмен 13 бункер күріш тапсырып, чемпион атанған. Ал трактормен егіс басында ғана жүрмей, бүкіл ауылдың отын-шөбін тасыған.

"Ауыл тұсында дария болды. Соның арғы бетіне сексеуіл жинауға баратынбыз. Қазір мұздың үстінен қорықпай өткенімді, көлік кері жылжып кеткенде, төгіп алмайын деп алға ұмтылғанымды ойласам, денем шымырлап кетеді", - деді Рахима апай.

Ол жұбайымен бұрынғы Жамбыл совхозында еңбек еткен. Осылайша, алты баланы бағып-қағып, адам қатарына қосқан.

"Тойға да трактормен барған кездеріміз болды", - деді ол күліп.

Рахима апай бүгінде алпыс төрт жаста. Еңбек жолында жеті трактор ауыстырған.

"Трактор айдаймын" деп қыздар жиі келетін. Бірақ көп ұзамай тұрмысқа шығып кетеді", - дейді ол.