Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулық тілші көше мен аулаларға есірткі жасырды

Атыраудағы тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы көше мен аулаларға "есірткі жасырды". Қара нарықтағы құны қалтаны қақса да, сұранысы жоғары синтетикалық есірткіні көпшілік жүретін орындарға тастап, әлеуметтік эксперимент жасады. Өйткені аймақта есірткі қылмысы тым «жасарып» барады. Тіпті көлікті есірткіге масайып жүргізетіндер көбейген. Күмәнді жаның әрекетіне көпшіліктің реакциясы қандай? Тілшіміздің өзі баяндасын.

Әлеуметтік экспертимент жасау үшін алдымен есірткіге ұқсас ақ ұнтақ керек. Жақын маңдағы дүкеннен ас содасын сатып алдық. Сосын есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мамандарының көмегімен зип-пакеттерге салдық. Жартысын есірткі жасырушылардың айласымен ашық скочпен орадық. Ал кеттік. Түске таяу уақыт. Аялдама маңында адам көп. Аяқ асты түсіп қалған ақ ұнтақты елеген жан болмады. Мұның не деп тоқтатқандар да жоқ. Көп қабатты үйлердің ауласы мен балалар алаңқайларына жасырған сыңай танытудамын. Алыстан күмәнмен қарағанымен, жақын келіп ешкім сұрамады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Есірткі қылмысымен күресушілердің айтуынша, менің бет-бейне мен киімім есірткі жасырушыларға мүлдем сай келмейді. Әдетте олар қара киім киіп, елеусіз қалуға тырысады, жүзін жасырады. Сондықтан ашық түсті киімді алмастырып, әлеуметтік экспериментті кешке жалғастыруға шешім қабылдадық.

Саябақта демалып отырған қос зейнеткер ақ ұнтақ салынған пакетті көре сала орындығын ауыстырып, әрірек барып отырды. Жақынырақ барып сөзге тарттық.

Аш пәледен, қаш пәле деді ме? Саябақтағы өзге демалушылардың әрекеті – нөл. Бұрышқа барып, жерді қазып, пакетті көмгенді де алыстан бақылап, алаңсыз отыра берді. Тек ерлі-зайыпты жастар ғана сыртымнан фотоға түсіріп, дереу 102-ге хабарлаған.

Райымбек РАХМЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бірден есірткі деген басыма келген жоқ. Өйткені күнде-күнде мұнай жағдай болып тұрмайды. Не істерімді білмей, қолыммен тимей, аяқпен қарадым. Не екен деп. Дежурныйға соқтым. Мектепте оқытады ғой, кез-келген түсініксіз жағайда құқық қорғау органдарына хабарлассын деп.

Шақыртумен келген патрульдік полицейлердің айтуынша, куәгерлер әдетте арнайы телеграмм чат арқылы хабар береді. Әсіресе, үлкендер жағы қырағы,-дейді.

1 грамм синтетикалық есірткінің қара нарықтағы құны – 35 -50 мың теңге шамасында. Қулығына құрық бойламайтын сатушылар телеграм боттар мен өзге де интернет ресурстар арқылы сатады. Жыл басынан бері 355 кг есірткі заттар тәркіленген. 75 факт тіркелген. Оның 48і сақтау, сату, өсіру сияқты ауыр қылмыс. Есірткіні жасырушалырдың арасында кәмелетке толмағандар да бар.

Әлішер НҰРШАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Қылмысты жасарып бара жатыр деп айтуға болады. 20 мен 30 жас аралығындағы азаматтар. Көбінесе жеңіл жолмен ақша табу болып келеді. Есірткі заттарының жасыруға әрекет ететін қылмыстық тұлғалардың көбі басқа облыстан келушілер.

Бұл бизнесті дөңгелеткендер әр жасырынған есірткіге қомақты ақы төлейді. Маңдайын терлетпей теңге тапқысы келетін жастарға оңай олжа көрінеді ол. Ал оның жазасы зор екенін білмеуі де мүмін. Бірақ заңды білмеу жауапкершіктен құтқармайды. Қылмысы дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу мүмкін. Сондықтан полицейлер жасөспірімнің жеке телефоны мен жүрген ортасын көзден таса қылмауға кеңес береді.