Павлодар облысында шөп қымбаттады. Малдың қысқы азығының бір тоннасы 60 мың теңгеге жақындады. Биыл өңірде қуаңшылықтың кесірінен шөп өспей қалған. Әсіресе, қуаңшылық Май ауданының халқына қиынға соғып тұр. Аудан шаруалары қысқа қажетті қорды дайындай алмай отыр. Бірақ, жергілікті билік мәселені реттейміз дейді. Қалай? Ол туралы тілшіміз Өзгеріс Қуанар айтады.
Дастан Оспановтың шаруашылығында 500-дей түлік бар. Шаруалар малын қыстан қалай аман алып шығарын білмей отыр. Сатып алуға шамасы келмейді. Қымбат.
Дастан ОСПАНОВ, ШАРУА:
Шөп шабайық десек шөп жоқ. Құрғақшылық. Енді мал ұстаған соң, мына жерді шабайық десек ол жердің иесі бар. Оған кіргізбейді. Оның иесі бар. Шөп алайық десек қымбат, егін алайық десек егінді қымбатқа сатады. Шөп жоқ шабатын.
Май ауданының шаруалары қажетті қорды жинай алмай отыр. Оларға әлі 30 мың тонна шөп қажет.
Төлепберген ӘУБӘКІРОВ, ШАРУА:
Жылда алып жүрген шөптің жартысы жоқ қой. Қазір шабындықты бастадық. 3-5 центнер гектарынан шығып отыр. Шет жақтан сатып әкеліп малды асырамасақ, басқа амалын көріп отырған жоқпыз.
Ал әкімдік малдың қысқы азығын дайындау бойынша тиісті шаралар қабылдап жатқанын айтады. Бұл мақсатқа қазынадан 2 млрд көлемінде қаржы бөлген. Тағы 1 млрд теңге бөлуді жоспарлап қойыпты. Бұдан бөлек орман алқабындағы тыйым салынған жерлерді шабуға да рұқсат берген.
Марат АҚТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен сабан дайындау және жеткізу бойынша жақын маңдағы аудандармен келіссөздер жүргізілуде. Жетіншіден, "Павлодар" ӘКК АҚ арқылы 10 мың тонна көлемінде жемдік астық сатып алу бойынша резервтік қор құру жоспарлануда.
Қазір қысқы азықтың бір тоннасы 60 мың теңге шамасында. Егер мәселе шешілмесе, ауылдағы азын аулақ малы бар тұрғындар тығырыққа тіреледі.