Қазақстан жылдың ең ауқымды спорттық іс-шараларының бірі – «Ұлы дала жорығы» республикалық марафонына дайындалуда. Жарыстың салтанатты ашылуы 5 қыркүйекте елорданың «Қазанат» ипподромында Мәдениет және спорт министрлігі мен «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өтеді. Оған еліміздің әр өңірінен жиналған 20 команда бойынша 100 шабандоз қатысады. Марафон 6 қыркүйекте Ақмола облысының Қаражар ауылында басталып, 14 күнге созылады. Қатысушылар 1300 шақырым қашықтықты бағындыруы тиіс. 12 аудан мен 52 елдімекен аумағынан басып өтеді. Марафонға халықаралық судьялар мен жоғары білікті ветеринарлар шақырылған.
Асхат ОРАЛОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
«Ұлы дала жорығы» марафонының мақсаты-қарапайым. Бұл-бірегей ұлттық бренд құру, дәстүрлі ат спортын, атап айтқанда, қазақтың «қазанат» жылқы тұқымын танымал ету. Мұндай жарыстар БАӘ, АҚШ, Испания, Франция, Ұлыбритания, Германия, Канада және Австралия сияқты елдерде Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қамқорлығымен үнемі өткізіліп тұрады. Сондықтан біздің жобамыздың халықаралық деңгейде ауқымды оқиғаға айналуға барлық мүмкіндігі бар»