Қызылордада 200-ден астам әке әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтің Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғындарымен онлайн-кездесуінде белгілі болды. Іс-шарада мемлекет заңнамасындағы өзгерістер, Әділет органдарының қызметі, сонымен қатар сот орындаушыларының алимент өндіріп алуы туралы хабарланды.
Вице-министрдің айтуынша, Қызылорда облысында алимент бойынша 14 мыңнан астам іс бар.
Осы жылдың 6 ай ішінде Қызылорда облысында алимент төлеу жөніндегі сот актілерін орындамағаны үшін 263 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органдарына қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін 25 ұсыныс жіберілді. Ал 2 іс бойынша сот айыптау үкімін шығарды. Сонымен қатар, 1 500 борышкерге Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға уақытша тыйым салынды, - деді Бекболат Молдабеков.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Қызылорда облысының тұрғындары Digital Justice – Цифрлық Әділет жобасы аясында іске асырылған мобильді қосымшаларды белсенді пайдаланатыны белгілі болды.