Қостанай облысында Toyota шағын автобусы мен бульдозер соқтығысып, салдарынан 4 адам оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы kaz.nur.kz жазды.
24 тамызда Қарабұтақ-Қостанай тасжолының 495-шақырымында болған. Анықталғандай, Toyota шағын автобусы Жітіқарадан Қостанайға бара жатқан. Жолда оның жүргізушісі бульдозермен соқтығысқан. Салдарынан шағын автобус жүргізушісі мен үш жолаушы оқиға орнында қайтыс болған. Үш жолаушы Рудный қаласының ауруханасына жатқызылған. Сондай-ақ полиция қызметкерлері жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын, бірқатар жол белгісін елемегенін, сонымен қатар жол қозғалысы жабық технологиялық учаскеге өткенін анықтаған. ІІМ аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (Екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ЖҚЕ бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын, қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті.