Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО-да жаңадан салынған асфальт жол ыдырап кеткен

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2023
  • 1633

Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан салынған асфальт жол ыдырап кетті. Өңір тұрғындары көптен күткен жолдың сапасыз салынғанына налып, шашылған асфальттің фотоларын әлеуметтік желіде таратты, деп жазады ҚазАқпарат.

Жаңа асфальт Айыртау ауданындағы «Саумалкөл-Сырымбет-Қарақамыс-Светлое» автомобиль жолына төселген.

Фотода қара асфальттің шетінен ыдырай бастағанын көруге болады. Тұрғындардың кейбірі жаңа жолдың астына негіз ретінде тас төселмегенін айтуда.

30 шақырымдық бұл аудандық маңызы бар автомобиль жолында орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталған. Алдағы екі жылда 26,8 км асфальт төселуі тиіс. Айыртау аудандық әкімдігі әлеуметтік желіде тарап кеткен фотоның астына жазба қалдырды.

«Саумалкөл-Сырымбет-Қарақамыс-Светлое» аудандық маңызы бар автомобиль жолында мердігерлік ұйым құрылыс жұмысын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта жұмыс аяқталған жоқ, сондықтан бұл жол әлі қабылданып, пайдалануға берілген жоқ. Бұл учаскеде жолдың бұзылған жерлері бар. Техникалық қадағалау оны анықтап, мердігерге дереу жою туралы ескерту берді. Жақында жаңа асфальт бұзып алынып, орнына жаңасы төселеді», - делінген хабарламада.

СҚО-да 9 мың км шамасында автомобиль жолдары бар. Ұзындығы бойынша елімізде екінші орында тұр.

Биыл, облыстық әкімдіктің мәліметінше, 705 км жол жөнге келтірілмек, оның 110 км – республикалық маңызы бар, 480 км жергілікті және 115 км – 47 елді мекеннің ауылішілік жолдары. Бұл мақсатқа 40 млрд теңге бөлінген.