Қызылордалық Нартай Тұрсановты жұрт "магнит адам" атап кеткен. Ол - кеудесіне 165 келілік темір оңай жабысатын әлемдегі жалғыз адам, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол мұндай ерекше қасиетін адам емдеуге қолданып келеді. Нартай Тұрсановтың негізгі мамандығы- зоотехник. Бірақ мамандығымен жұмыс істемеген.
"Алыс жолға қатынайтын көлік айдадым. Ауыр жұмыс істеу арқылы энергиямды шығарып жүрдім. "КрАЗ", "Урал" сияқтылардың дөңгелегін бортқа жалғыз өзім лақтыратынмын", - деді ол.
Нартай Тұрсановтың бойындағы феномендік құбылыс бүгін ғана пайда болған жоқ. Тек өзі жастық жалынмен елей қоймаған әрі жарияға жар салуды жөн санамаған.
Ал бүгінде ерекше қасиет иесі нүктелі ем жасау арқылы талай адамның дертіне шипа дарытып келеді.
"13 жасымда бір аяғым істемей қалып, қатты ауырдым. Дәрігерлер диагнозын тапқан жоқ. Содан Шиеліде тұратын Қонысбай емшіге жүгініп, бетім бері қарады. "Сен ерекше адамсың. Жаман әдеттерден аулақ бол, дұрыс өмір сүр" деді. Бірақ бұған аса мән бергенім жоқ. Салауатты өмір салтын ұстанбадым. Бірақ әр мүшелімде әйтеуір бір қиын жағдайға тап болатынмын. Ағаның сөзінің астарын кейін түсіндім. Жат әдеттерден бас тартып, намаз оқуды бастадым. Психологияны, медицина тәсілдерін үйренуге кірістім. Осылайша емшілік қырым бар екеніне көзім жетті, оны іс жүзінде қолданып келемін", - деді ол.
Нартай аға алдына барлық табалдырықты тоздырып, басқа амалы қалмаған адамдар келетінін айтты.
"Қатерлі ісік диагнозымен келетіндер бар. Бірнеше емдік курстан соң УЗИ-ге түссе, "қателескен екенбіз, ешқандай ісік жоқ" деп қайтарады екен. Бұл қателесу емес. Аты жаман ауруды алғашқы сатысында осылай емдеп жазуға болатынына талай мәрте көзім жетті. Бір түсінгенім, менің бойымдағы биоэнергия рак жасушаларын бір жерге шоғырландырады. Содан кейін хирургиялық жолмен алдырып тастауды ұсынамын", - деді ол.
Ол кейбір тылсымды өзге түгілі, өзі түсіндіріп бере алмайды.
"2019 жылы жазда Ақтауға барып, емдеу курсын жүргіздім. Әдетте бес күнде бітіріп қайтатынмын. Сол жолы тағы бір күн қалып, теңізге түсіп, демалғым келді. Сөйтіп отырғанда біртүрлі сезім пайда болды. Еркімнен тыс чемоданды жинай бастадым. Бірақ ертеңіне қайтуым керек. Шілденің іші, билет тапшы. Сонда да апыр-топыр жиналып вокзалға жеттім. Амалын тауып, пойызға міндім. Неге асығып келе жатқанымды өзім де білмеймін. Таң атуға таяғанда вагон іші абыр-сабыр болды. Бір жігіт естен танып қалған. Медбике барынша көмектесіп жатыр. Бірақ оған болар емес. Бір пайдам тисін деп жетіп бардым. Қол-аяғы мұздай екен. Арқасынан шапалақпен тартып-тартып жібердім. Әлгі қоймастан кекіріп жатыр. Орнына апарып нүктелі ем жасадым. Өз-өзіне келгесін шәй ішіп, ақ тер-көк тер болды. Ауру жанына батқанда Құдайдан "мені аман алып қалатын адам жібер!" деп тілегенін айтты. Менің асығыс қайтуыма осы түрткі болған-ау, сірә", - деді халық емшісі.
Оның сөзінше, мұндай жағдайлар жас күнінде де жиі кездескен.
"Қонақта отырғанбыз. Бір кезде еденде жатқан балаға көзім түсіп кетті. Демалуы қиын. "Жеңеше, балаға не болған?" деп сұрадым анасынан. "Дәрігерлер үміт жоқ екенін айтты" деді. "Тәйт!" деп баланы жаныма әкелуді сұрадым. Бар күшіммен бетіне түкіріп жібердім. Көп ұзаған жоқ, әкесі таңғалып жүр. Ұлы әжесінен нан сұрап жеп жатыр екен. Міне, сол бала аяққа тұрып, адам қатарына қосылды. Қазір білдей тіс дәрігері", - деді ол.
Ол сырқатынан айықтырған жандардың бірі - белгілі зілтемірші Нижат Рахимов. Танысы арқылы естіп-білген спортшы Қызылордаға келіп, арнайы ем алған. Емші оны барлық ауыр атлетке ортақ протрузия дертінен айықтырған. Спортшы емшінің денесіне темір-терсек те, ағаш, шыны бұйымдар да жабысатынын көріп қатты таңданған екен.
Ал Нартай Тұрсанов емшілік те батырлық, суретшілік, ақындық сияқты туабітті қасиет екенін, бұл өзіне түп нағашысынан дарығанын айтады.