Русский Сайттың толық нұсқасы

Руслан Күлекбаевқа өлім жазасы кесілді

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2016
  • 4448

8 полицей мен 2 бейбіт адамның өмірін қиған Руслан Күлекбаевқа өлім жазасы кесілді. Алматының қақ ортасында сойқан салған сотталушыға теракт жасағаны үшін осындай үкім шықты. Ришат Асқарбекұлы тарқатады. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қанды оқиғадан соң үш жарым ай бойы тергелген қылмыстық іске бүгін нүкте қойылды. Тапа тал түсте, жолындағыны жайпап, 10 адамды мерт қылған күдікті қылмысын бұған дейін мойындады. Руслан Күлекбаев құқық қорғаушыларды жеккөрушілік сезіммен өлтіргенін мәлімдеді. Ол қандай ауыр жаза тағайындалса да, дайын екенін айтқан еді.

Ақырғы сот отырысындағы қауіпсіздікті қамту үшін арнайы жасақ қызметкерлері тартылды. Ал үкім оқуға шыққан судья көп аялдаған жоқ. Басты айыпталушы ең ауыр жазаға кесілді.

Ерлан Болат, Алматы қалалық ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың судьясы:

Руслан Күлекбаевтың жеке мүлкін тәркілеп, өлім жасазына кесілсін. Үкімге келіспеген тараптар қамауда отырғандар, үкім көшірмесін алған соң, он бес күн ішінде қалалық сотқа қайта шағымдануға құқылы.

Айыптаушы орган басты күдіктінің қылмысы толықтай дәлелденгенін айтты. Осы іс бойынша тағы да бес адам күдікті ретінде тергелген болатын. Оларды да бүгін ұзақ мерзімге соттау туралы үкім шығарылды.  Рафик Лю, Жасұлан Сапарбеков, Ербол Кұсайынов, Дәурен Әсембекұлы және Нұрсұлтан Әбдімомын, басты күдіктінің осы қылмысқа баратынын біле тұра, жасырған. Сондай-ақ олар қару-жарақ дайындауға және кәсіпкерлерге қарақшылық шабуылдар жасауға ат салысқан. Сот процесіне жәбірленушілердің және сотталушылардың туыстары да қатысты.

Әлішер Айтбаев, марқұм Ғ. Нұримановтың ұлы:

Сот үкіміне қанағаттанамын. Болашақта мұндай жағдай болмасын діп тілеймін. Терроризмнен құтылу үшін мемлекет тиісті шаралар қолданады деп сенемін.

Қалалық салық басқармасының күзетшісі, полиция қызметкері Аян Ғалиев қарулы Күлекбаевпен атысып, оның құрықталуына түрткі болды. Сот бүгін марқұмды мемелекеттік марапатқа ұсыну туралы жеке қаулы шығарды. Ал прокурордың айтуынша, Күлекбаевқа  мораторийге қарамастан, осындай үкім шығаруға болады.

Бауыржан Ертаев, мемлекеттік айыптаушы:

Ол мораторий шексіз болып есептеледі. Кез-келген уақытта күшін жоюы да мүмкін. Ол түзету мекемесінде жазасын өтейді. Егер мораторий жойылса, тек бір жылдан соң ғана үкім орындалады.

Үш аптаға созылған сот барысында Руслан Күлекбаев судьяға және өзге де сот процесіне қатысушыларға құрмет танытпады. Ал соңғы сөзінде ол қылмысы үшін еш өкінбейтінін айтты және жәбірленушілерден кешірім сұраған жоқ. Сондықтан мұндай озбырлық тек өліммен жазалануы тиіс, - дейді отставкадағы генерал Рүстем Қайдаров.

Рүстем Қайдаров, генерал-майор:

Жәбірленушінің разы болмай жатқаны - қанша адамды ол өлтірді. Сөйте тұра, оны түрмеде жылы төсек, тамақ пен киіммен қамтамасыз етеміз. Неге ондай жағдай жасалу керек? Олардың талабы дұрыс.

Ришат Асқарбкұлы, тілші:

Айта кетейік, Руслан Күлекбаев - соңғы 10 жылда өлім жазасына кесілген жалғыз адам. Ал оның адвокатары бүгін сотқа қайта шағымданбайтындарын айтты. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ