Солтүстік Қазақстан облысында "Amanat" партиясының есеп беру-сайлау конференциясы өтіп, партиялықтар өз жұмысын қорытындылады. Бүгінде партия 8 ауқымды жобаны іске асырып жатыр. Бағдарламалардың тиімділігі мен нәтижесі жайында аймақтағы тілшіміз айтады.
Соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстанда 369 нысан мүгедек жандар үшін бейімделді. Жоспардың бүгінде 43 пайызы орындалған. Бұдан бөлек, мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам екі қолға бір күрек тапты. Мұның барлығы- "Кедергісіз келешек" жобасы аясында тындырылған істер. Жалпы "Amanat" партиясы бүгінде 8 жобаны жүзеге асырып жатыр. Жас депутат Сәлімхан Сәбитов игі істердің әлі де жалғасын табатынын айтады.
Сәлімхан СӘБИТОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, “AMANAT” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қазір флайарыстан компаниясы мүмкіндігі шектеулі бірінші топтағы балаларға және оларға көмектесіп жатқан бір адамға 50 пайыздық жеңілдік беріп жатыр. Бұл біз үшін үлкен жеңіс деп есептеймін. Алдымызда әлі төрт жыл бар. Біз бұл салада жұмысымызды жалғастыратын боламыз.
Партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша Жол картасында жоспарланған 2150 шара 93 пайызға орындалды. Оның іске асырылуын 9 қоғамдық кеңес бақылап отыр. Аймақта қоғамдық қабылдау да белсенді жұмыс істеп тұр.
Жеңіс АСАНОВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ СҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
Өткен 2 жылда партияның облыстық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 9688 өтініш келіп түсті. Олардың 48%-ы оң шешімін тапты. Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерін ұйымдастырудың нәтижесін атап өткім келеді. Бұл бізге солтүстікқазақстандықтардың мұң-зарынан хабардар болуға, мәселелерді тезірек шешуге мүмкіндік береді. Есепті кезеңде 521 қабылдау өткізілді, өтініштердің 35%-ы сол жерде шешілді
Екі жылда бір өтетін конференцияға бастауыш партия ұйымдары, депутаттық фракциялардың мүшелері және партия жанындағы қоғамдық кеңестердің басшылары қатысты. Партия хатшысы Руслан Әлішев өз сөзінде саяси кеңестердің маңыздылығына мән берді.
Руслан ӘЛІШЕВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
осындай конференциялардың барысында біз өткен екі жылдағы сайлауалды бағдарламаның іске асырылуын қорытындылаймыз. Сондай-ақ, саяси кеңестердің мүшелерін таңдаймыз. Олар әрбір аймақта сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылуын жіті бақылап отырады. Біз аймақтарда саяси кеңесті 65 пайызға жаңарттық.
Партия хатшысы Руслан Әлішев сондай-ақ, Есіл ауданына ат басын бұрып, ондағы Николаев ауылының орта мектебін жөндеу жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, Явленское бастауыш партия ұйымы мүшелерімен сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылуын талқылады.