Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда Ауғанстан мен Қырғызстан азаматтарынан бір млн доза героин тәркіленді

  • AstanaTV
  • 29 тамыз 2023
  • 1602

Петропавлда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Ауғанстан және Қырғызстаннан келген екі шетелдіктен 9 келіден астам героин тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметінше, арнайы органдардың қызметкерлері өңірде есірткінің бұрын-соңды болмаған аса ірі партиясын тоқтата алды. 9 кг героиннен орта есеппен бір реттік қолдануға болатын шамамен 1 млн доза шығады. Тергеу барысында Ауғанстан және Қырғызстан азаматтарының бұл есірткіні одан әрі жеткізіп, сатпақ болғандығы, соның ішінде СҚО тұрғындарына да өткізуді мақсат тұтқаны анықталды. Айыпталушылардың кінәсі толығымен дәлелденді. Соттың үкімімен шетел азаматтарының әрқайсысы 11 жылға бас бостандығынан айырылады.

Жазасын олар ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өткереді. Жалпы биыл СҚО-да есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы үшін барлығы 60 адам сотталды. Оның ішінде 20 адамға есірткіні өндіргені үшін 10 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Осы санаттағы барлық қылмыстық істерде прокурорлар соттарды кінәлі адамдарға қатысты ең қатаң жаза тағайындауға бағыттады.