Америка Құрама Штаттарында президенттік сайлаудың өтуіне бір тәуліктен астам уақыт
қалды. Бір қызығы, әлем көз тігіп отырған шараға орай дауыс беру науқаны
әлдеқашан басталып кетті. Қазақстанда әскери борышын өтеп жүрген
америкалықтар тіпті бір ай бұрын дауыс беріп қойған. Ол үшін сайлау учаскесіне
барудың да қажеті жоқ екен. Десе де президент сайлауына келемін деушілерге
Қазақстандағы АҚШ елшілігінің есігі ашық. Онда Құрама Штаттардың туы
бейнеленген бас киімдер, постерлер мен қос кандидаттың портреті де қойылған.
Рэн
Эльхай, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің пресс-атташесі:
Бізде
пошта арқылы дауыс береді. Мен Вирджиния штатының өкілімін. АҚШ-тан бізге
бюллетеньдер жіберуді сұрадым. Өзім таңдаған адамға дауыс беріп, пошта арқылы
салып жібердім. Шетте жүрген америкалықтардың көбісі осылай дауыс беріп
жатыр.
Еске
салайық, президенттік сайлау АҚШ-та сегізінші қараша күні өтеді. Уақыт
айырмашылығын ескерсек, жаңа президенттің есімі сәрсенбінің таңында белгілі
болмақ. Қазір елде қызу науқан жүріп жатыр. Демократ Хиллари Клинтон мен «республикалық»
Дональд Трамп бір-бірін өкшелеп келеді. Соңғы санақ бойынша Клинтон ханым
миллиардер Трамптан 5 пайызға алда тұр.
Саламат ОМАШ