Жаңа оқу жылы басталар тұста 12 апаттық мектептің, 29 үш ауысыммен оқитын білім ошағының мәселесі біржола шешімін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша, биыл 260 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 1 қыркүйекке дейін соның 194 нысанында күрделі жөндеу аяқталуға тиіс.
Сондай-ақ 1 қыркүйекке дейін 65,6 мың орынға арналған 52 мектеп іске қосылады деп жоспарланған. Ал 2023 жылдың соңына дейін 66,4 мың орынға арналған 102 мектеп іске қосылуы керек. Осылайша 12 апаттық және үш ауысыммен білім беретін 29 мектептің мәселесі шешіледі.
22 тамыздағы жағдай бойынша, мектептерді ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосу көрсеткіші республика бойынша 98%-ға жеткен.
Лицензияланған күзет агенттіктерімен келісімшарт орнатқан мектептердің үлесі де 98% болып отыр. Мектептерді «дабыл түймелерімен» қамтамасыз ету деңгейі де 98%-ға жеткен.