Русский Сайттың толық нұсқасы

Шетелден келетін сәлемдеме үшін кеден алымы жойылды

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2023
  • 669

Сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын қазақстандық кәсіпкерлер енді алаңсыз жұмыс істей алады. Бұл жаңалықты 2023 жылғы 1 қыркүйек күні "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын қазақстандық кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық. "Атамекен" ҰКП мамандары төмен құнды (200 еуроға дейін) тауарларды ресімдегені үшін кедендік алымның нөлдік мөлшерлемесін белгілеуге қол жеткізді. Үкіметтің тиісті қаулысы тамызда қабылданды", – делінген "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтында жарияланған хабарламада.

Ұлттық палата жыл басынан бері көлік прокуратурасының нұсқамасы бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар тауарларға декларация ретінде оңайлатылған тәртіппен берілетін әрбір тізбе мен өтініш үшін, яғни, бұрын ешқашан төленбеген нәрсе үшін 20 мың теңгеден кедендік алым төлеуге мәжбүр болғанын еске салды.

"Осы жайт курьерлік компаниялардың төмен құнды жүгі бойынша барлық экспорттық-импорттық операцияларын тоқтатты және отандық интернет-дүкендердің жұмысына теріс әсер етті",-дейді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

"Атамекен" ҰКП кедендік әкімшіліктендіру департаментінің директоры Дина Мамашеваның сөзінше, егер кедендік алымды бір декларация деңгейінде емес жеке жөнелтпе құжат саны бойынша төлейтін болса, онда алым мөлшері өседі. Мысалы, егер экспресс жеткізілімнің бір партиясында 500 жөнелтпе құжат болса, онда кеден алымы 20 мың теңге орнына 10 млн теңгені құрайтын болады.

"Бұл халықаралық стандарттарға қайшы. Сондықтан мәселені шешу үшін біз бірден бірнеше мемлекеттік органмен жиналыс өткіздік. Кездесуде мемлекеттік органдардың әрекеті заңсыз екенін дәлелдеп, Үкімет қаулысына өзгерістер енгізуді ұсындық. Ұсынысымыздың ескерілгеніне қуаныштымыз. Енді курьерлік компаниялар мен интернет дүкендер алаңсыз жұмыс істей алады", – дейді ол.

"DHL Express Қазақстан" бас директоры Евгений Багдашкинның айтуынша, курьерлік компания сәлемдемелерді шетелден жеткізу, соның ішінде интернет-дүкендер сияқты маңызды сегментте жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады.

"Кедендік талаптардың ашықтығы мен болжамдылығы экспресс-бизнес үшін аса маңызды. Өйткені бұл бизнес белгілі бір уақыт ішінде тұтынушыларға тауарларды жеткізуі керек. Біз Ұлттық палатаның көмегімен кедендік декларациялардың оңайлатылған формаларын ресімдеуде алымдарды төлеу туралы талап түріндегі кедергіні еңсере алғанымызға қуаныштымыз", – деп атап өтті спикер.