Русский Сайттың толық нұсқасы

"Барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек", - Президент

Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Балалардың үштен бірі мектепте буллингті бастан кешіреді. Бірақ олар бұл жағдай туралы ата-анасымен бөлісуге дайын болмай жатады. Қиындыққа тап болған бала сапалы білім де ала алмайды.

Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Алайда, балалар мен жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық азаймай тұр. Мәселеге ерекше назар аударған Президент буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеп, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет.

Сапалы білім алуға бәрінің құқығы бар. Сондықтан білім сапасын жақсарту ауадай қажет. Әсіресе, шалғайдағы өңірлер назардан тыс қалмау керек.

Ұлан НАУКЕН, ҚАЗАҚСТАН СТУДЕНТТЕР АЛЬЯНСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Астана, Алматы қалаларына көптеп студенттер түсіп келе жатыр. Ал кейбір аймақтарда студенттердің, яғни, жастардың қалмау мәселесі көптеп байқалады. Қазір қарап отырсақ, мамандық таңдауда көбінесе жастар ауылшаруашылығын таңдамайды. Яғни, орта білімді, орта білімнен кейін де жоғары білім оқиды. Орта білімді оқитын мамандар ауыл шаруашылық мамандары аз болып жатқандығы, гранттардың артылып қалуы да көрініп жатыр.

Өңірлерде талантты жастарды өнерге баулитын шығармашылық индустрияның орталықтары да жоқ. Қазір креативті индустрия нысандары үш ірі қалада ғана шоғырланған. Президент жолдауында инклюзивті экономиканы дамыту үшін олқылықтың орнын толтыру керек деді. Сарапшылар да бұны қолдайды.

Ерлан АХМЕДИ, САЯСИ САРАПШЫ:

Әлемді мойындатқан өзінің таланты арқылы мойындатқан, ән саласы болсын, кино-индустрия саласы болсын, бұл бағыттағы жастар өте көп. Ал егерде шынымен де мемлекет тарапынан бұл бағытта нақты қолдау болатын болса одан да көп болуы мүмкін болашақта.

Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттыруда. Осы орайда Мемлекет басшысы бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Ал «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды. Екі жинақ қосылып, жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады деді Президент.