Русский Сайттың толық нұсқасы

Білім күні қарсаңында Қосшы қаласында жаңа мектеп пайдалануға берілді

Ақмола облысы Қосшы қаласында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Онда 2 ауысыммен 3 мың бала оқиды. Білім беру нысаны жеке қор қаражаты есебінен салынған. Замануи үлгідегі ғимаратта жан-жақты, сапалы білім алуға толық жағдай жасалған.

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Бүгін - оқушылар үшін ерекше күн. 3 ай демалыс көзді ашып жұмғанша өтті де кетті. Балалар алтын ұя мектебімен, аяулы ұстаздарымен сағынысып, қауышуда. Әсіресе, алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған балақайлар үшін алғашқы коңыраудың сыңғыры ерекше.

Оқушылар мен мұғалімдер ғана емес ата -аналар да мәз-майрам. Еркебұлан Мыңжасаровтың қызы бүгін мектеп табалдырығын алғаш аттады. "Жаңа білім ошағында сапалы дәріс алса" дейді.

Еркебұлан МЫҢЖАСАРОВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаңа мектеп жаңа барлық балаларға деген жағдайдың бәрі қарастырылған. Енді осы біздің еліміздің болашағы жастар. Осы жерден өздерінің бойына керек , тиісті білімін алып үлкен елімізге, жерімізге еңбегі сіңетін азаматтар болып өссе.

Бұл -еліміздегі “Жайлы мектеп” ұлттық жоба стандарттарына сай салынған алғашқы оқу орны. Үш қабатты білім ордасының аумағы -17,5 мың шаршы метр. Ғимарат құрылысы 1 жылда аяқталып, мемлекет меншігіне тапсырылды. Мектепті салуға қайырымдылық қордан 7,5 миллиард теңге жұмсалған.

Ермек МАРЖЫҚПАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Күздің алғашқы мерекесі жаңа оқу жылыңын басталуын білдіретін, жаңа бастамалардың, жаңа ізденістердің, жаңа геолардың білім күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ең алдымен бүгінгі қуаныш сәтке себепкер ең үздік әлемдік стандарттарға сай жайлы білім ошағын салуына бастамашы болған Болат Өтемұратов қорына шексіз алғысымызды білдіреміз.

Биыл жаңа оқу жылында 34 мектеп қолданысқа берілді. Онда 55 мың оқушы білім алады. Ал, жыл сонына дейін тағы 154 білім нысаны ашылады. Ол 130 мың оқушының орын тапшылығын жоймақ.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Мемлекетімізде үш ауысымды апатты мектептердің мәселесін шешу бағытында үлкен тиісті шаралар қабылданып жатыр. Биылдың өзіңде мына "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 200-ден аса мектептің құрылысы басталып жатыр. Бұл келесі жылғы қалған апатты мектептерменен мынау үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге бағытталады.

Елімізде үш ауысымды 200-ге жуық мектеп бар. Оның 30-дан астамы апатты жағдайда. Бұл проблема алдағы екі жылда толық шешіледі деп жоспарланып отыр.