Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында 1 мектепте 42 егіз оқиды

  • AstanaTV
  • 01 қыркүйек 2023
  • 995

Түркістан облысында 1 мектепте 42 егіз бала оқиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арыс қаласының Ә. Жангелдин атындағы №32 жалпы орта мектебінде 42 егіз бала білім алады. 21 жұптың ішінде екі егіз оқушы бірінші сыныптың табалдырығынан аттап отыр. Ал, өткен жылғы оқу жылында бір егіз мектеп бітірген. Бір қызығы егіздер тек үшінші сыныпта ғана жоқ. Қалған 0-11 аралығындағы сыныптың барлығында бар.

«Біздің мектепті көпшілік егіздер оқитын білім ордасы деп біледі. Егіздердің сабақ үлгерімі әр түрлі. Арасында үздік оқитындары көп. Ал, көпшілігінің деңгейі орташа. Дегенмен, баршасының сабаққа деген ынталары жоғары», - дейді мектеп директоры Рахима Жүнісова.

Білім ордасында оқитын егіздер ішінде бір үйден үш жұп бар. Мәселен, Тайш отбасының Ақнұр мен Бибінұр есімді қыздары мектепке дейінгі даярлық тобында білім алса, бесінші сыныпта Сара мен Салман есімді жеткіншектері бар. Ал, Мирас пен Диас есімді балалары жетінші сыныпқа барып жүр.

«Егіздерді ажырату қиын емес. Баршасының өзіндік белгілері бар. Мәселен, бір жұптағы үлкенінің бойы ұзын болса, екіншісі аласа келеді», - дейді Рахима Жүнісова.

Айта кетейік, Ә. Жангелдин мектебі 1993 жылы салынған. Бүгінде мектепте 1 660 бала білім алады. Оқушыларға 155 педагог сабақ береді.