Русский Сайттың толық нұсқасы

Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы беріледі

Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы берілмек. Мемлекет басшысы Жолдауда айтқан бастама өте маңызды дейді сарапшылар. Бұл келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Ал қаржыны қай мәселеге бағыттайды, ол сол аудан әкіміне тікелей байланысты болмақ. Толығырақ әріптесім, Ақбота Базарбай тарқатады.

Елімізде 160-қа жуық аудан бар. Сол ауданның барлығы дерлік мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Енді аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару еркіндігі беріледі. Бұл түскен салықтың бір бөлігін жергілікті жердің мәселесін дереу шешуге мүмкіндік береді.

БЛИЦ-ОПРОС:

- Ауылдардың немесе кенттердің жағдайын сол әкімдерден басқа жақсырақ ешкім түсінбейді деп ойлаймын. Жолы бар, суы бар. Ең өзекті проблемалар осы ғой. Соны шешудің тиімді жолы қайсы – соның барлығын әкімдердің өздері біледі. Сол себепті жергілікті бюджетті әкімдерге басқаруды дұрыс деп есептеймін.

- Аудан әкімдерінің өздері қолдарында болып, өздері шешсе, соны өздері керекті нәрсеге жұмсаса, өте дұрыс деп есептеймін. Себебі жаңағы бюджетті жоғарыдан бөлгенде ол ауылға не керек екенін білмеуі мүмкін. Сондықтан да аудан әкімдерінің өздерінің қолдарында болған дұрыс деп есептеймін.

- Ауданға керек нәрсені ауданның мұқтаждығын білетін тек қана ауданның өзі, аудан әкімдігі, әкімшілік. Сол себепті ауданның көркейіп өсуіне, ауданның, ауылдың жастарының заманның талабына сай жетіліп дамуына тікелей сол бюджеттің қатысы бар.

Ал Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры "бұл атқа мінерлердің халық алдындағы жауапкершілігін арттыра түседі" дейді.

Еркін ТҰҚЫМОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Асқан жауапкершілікпен халықтың атынан сайланғаннан кейін аудан әкімдері өзі қабылдаған әр шешімге өзі жауап беретін болады. Өйткені одан халық "осы өңірді көркейту үшін сен не істейсің?" деп сұрайды. Әкімге сайлау алды уәделерін орындау үшін, әрине, қаржы керек. Бұл осы тұрғыда өте маңызды.

Сонымен қатар, аудан басшысы қаржыны жоспарлы мәселеден бөлек тосыннан туындаған мәселеге де пайдалана алады. Жауапты орталықтан күтіп отырмай, өз бетінше шешім қабылдайды. Осы тұста қай әкімнің білікті, қай әкімнің осалдау екені байқалады дейді қоғамдық саясат институтының сарапшысы.

Қосман ҚАЖКЕНОВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ҚОҒАМДЫҚ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Мемлекеттік басқару бюрократияға біраз жақын. Шешімді өте ұзақ қабылдау, өздігімен шешім шығару үшін облыс не дейді, республика не дейді, Президент әкімшілігі не дейді деп жалтақтау. Сондықтан бұл жерде жауапкершілік өте жоғары. Енді әркім өз жұмысына, өз шешіміне жауап береді.

Енді аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін де халық сайлайды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы әкімдер сайлауы жыл соңына дейін өтуі мүмкін дейді.

Нұрлан ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Негізі заң бойынша сайлауға дайындық және оны өткізу мерзімі 50 күннен кем болмауы керек. Сонымен қатар 1 апта уақытты заң сайлау қорытындысы мен нәтижесін шығаруға беріп отыр. Кемінде 2 айдың ішінде өткізуіміз керек.

Әр әкім менеджер, қаржылай сауатты бола білуі шарт. Бұл тұста оларға жүктелген жауапкершілік жүгі жеңіл болмайын деп тұр.