Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отанның» республикалық қоғамдық қабылдау өкілдері Қостанай облысы Пешковка ауылының тұрғындарын тыңдады

  • AstanaTV
  • 04 қараша 2016
  • 1974

«Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау өкілдері Қостанай облысындағы Пешковка ауылында болды. Елді мекен тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді жеткізіп, оған жауап алды.

Астанадан келген мамандар мен жергілікті мекеме басшылары 50 тұрғынды қабылдады. Білікті заңгерлер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өкілдері, банк қызметкерлері бағыт-бағдар сілтеді. Мәдениет үйіне шоғырланған жұртшылық көбінесе ауыз су, көгілдір отын, ауыл мектептерінің ахуалы секілді баршаға ортақ проблемаларды көтерді. Аудан әкімдігі газ бен ауыз су мәселесі алдағы үш жылдың ішінде өз кезегімен толықтай шешіледі деп уәде етті.

Жұмажан Жүкенов, «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:

Бұл іс-шараның ерекшелігі - біз алғаш рет осы бастауыш партия ұйымы негізінде келіп отырмыз. Осы ауылдағы бастауыш партия ұйымының жұмысы өте дұрыс жолға қойылғандықтан, біз орталық аппараттан келіп, солармен бірге жұмыс атқарамыз.

Қоғамдық қабылдауға алдын-ала жазылғандардың бірі - Қуаныш Мұқанов. Ауыл тұрғыны ата кәсіппен айналысып, қорадағы төрт-түліктің басын көбейткісі келеді. Алайда, жайылым жері жоқ. Теріскейде мал бағып, тер төгуді мақсат тұтқан жас жігіттің сауалына облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы өзі жауап беріп, жайылым жерді қалай рәсімдеуге болатындығын түсіндірді.

Қуаныш Мұқанов, ауыл тұрғыны:

Мен «Сыбаға» бағдарламасына қатысқым келеді. Мал шаруашылығын дамытуды көздеп жүрмін. Бүгін жайылым жерді қалай алуға болатындығын, қандай құжаттар қажет екендігін білдім.