Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында 515 келі заңсыз ауланған балық пен 2,5 тонна Артемия-салина шаянын тәркіледі.
Павлодар қаласында 35 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруымен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі тоқтатылды. Авто салонын қарау кезінде жедел қызметкерлер жалпы салмағы 515 келі болатын 23 қап балық (мөңке, сазан) тауып алып, тәркіледі. Жүргізушіде балық аулауға рұқсат беретін құжаттар болған жоқ. Анықталғандай, тұрғын Павлодар облысындағы көлдердің бірінде балықты заңсыз аулаған.
Бұдан бөлек, 3 қыркүйек күні рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер Павлодар қаласының тағы бір тұрғынын ұстады, оның ГАЗель көлігінен жалпы салмағы 2,5 тоннадан асатын 53 қап Артемия-салина шаяны табылды.
«Осы фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша мемлекетке келтірілген залал анықталады», – деді Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам, оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәлі емес деп есептеледі.