ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев Ауғанстандағы лаңкестік жағдайдың ШЫҰ елдеріне қаупі туралы мәлімдеме жасады.
«Бізге келіп түскен ақпарат ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін лаңкестік қатерлер бойынша қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Ауғанстанның лаңкестік әлеуеті әлі де жоғары болып отыр. 2021 жылы Ауғанстанда билікке келген «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрып, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмады. Бұл ел халықаралық террористік топтар үшін негізгі орталық болып қала береді. 50-ге жуық лаңкестік шабуылдан 350-ден астам адамның өмірі қиылды, одан бөлек 700-ден астам адам жараланды. «Вилаят Хорасан» Ислам мемлекеті халықаралық террористік ұйымы (Қазақстанда тыйым салынған ИГ бөлімі - ред.) әлеуетінің артуы зор қауіп төндіреді», - деді Руслан Сейсембаев елордада өтіп жатқан ШЫҰ отырысында.
Сондай-ақ, спикер осы уақыт ішінде олардың саны 500-ден 6 мыңға дейін жеткенін айтты.
«Вилаят Хорасан» (Қазақстанда тыйым салынған ИГ бөлімі - ред.) Ресей мен Пәкістанның дипломатиялық миссияларына шабуыл жасады. Кабул қонақ үйінде Қытай азаматтары атылды. Үкіметтік емес ұйым басшылары тек АҚШ-қа ғана емес, Қытайға, Ресейге және Пәкістанға да жиһад жасауға шақырады. Сонымен қатар, Ауғанстанда «Әл-Каида» (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) орналасқан, ондағы содырлардың саны 500-ге жетеді. «Вилаят Хорасан» (Қазақстанда тыйым салынған ИГ бөлімі - ред.) мен «Әл-Каида» (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) аумақтардың бір бөлігін ғана басқарса да, олар ауқымды лаңкестік шабуылдар жасауға қабілетті», - дейді ҰҚК басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, бұл жағдай ШЫҰ мемлекеттері аумағына аса қауіп төндіреді.
«Ауғанстандағы террористік қауіптің жоғары деңгейінің сақталуы ШЫҰ кеңістігінде экспорттау ықтималдығын болжауға мүмкіндік береді. Бұл жағдай ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерде барлау, шекара және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимыл жасау әдістерінің практикалық нысандарын жетілдіруді қажет етеді», - дейді ол.