Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда әкелі-балалы шеберлер ұлттық өнерге өлшеусіз үлес қосып келеді

Әке көрген оқ жонар. Атырауда әкелі-балалы домбыра шеберлері ұлттық өнерге өлшеусіз үлес қосып келеді. Тұрлан жырау Бисенбаев пен ұлы Нұрлыбек қос ішекті күмбірлетіп, күй ойнап, әуелетіп ән шырқап қана қоймай, өз қолдарымен ұлттық саз аспабын жасауды кәсіпке айналдырған. Енді ата мұрасын 8 жастағы немересі үйреніп жүр.

3-сынып оқушысы Нұртөре әлдена-ақ домбыраның кескінін сызып, бетін жасауға көмектеседі. Шеберханада әкесінің таптырмас көмекшісі. Нұрлыбек Бисенбаев та ағаштан түйін түюді әкесінен үйренген. Балаларға домбырадан дәріс беріп жүрген кезде сапалы аспап табу қиын болды,- дейді. Сондықтан қолжетімді бағада қоңыр үнді қос ішекті домбыра жасауды қолға алған. Алдымен үйінде бастап, кейін шағын шеберханада кәсібін дөңгелетіп отыр.

Нұрлыбек БИСЕНБАЕВ, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

Наждактайтын жерлерін көмектеседі, жеңіл-желпі жерлерін беріп қоямын, балам қасымда қарап сызуға көмектеседі. Ұстаздан шәкірт озады дейді ғой. Менің балам бұдан да фабрика деп ашса деп ойлаймын. Өйткенң әкем үйден ашты, мен шеберхана қылып аштым, менің балаларым бұдан үлкен қылып ашса, ол - үлкен жетістік.

Бүгінде шебердің қолынан шыққан ұлттық аспапқа еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс түседі. Тіпті көршілес Астрахань облысынан да іздеп келетіндер бар. Айына жүзден астам домбыра иесіне жол тартады. Мектеп оқушыларынан бастап, сахна майталмандарының көңілінен шығып жүр.

ҚР жыршы-жыраулар сайысының 4 дүркін жүлдегері Тұрлан жырау Бисенбаев ұлттық тәрбиенің тамыры отбасында жатыр,-дейді. Бүгінде қолөнер қонған ұлына тілеулес. Арасында ақылын айтып, тәжірибесімен бөлісіп қояды. Зейнетке шыққан өнерпаз қазақ тойының көркін қыздырып жүр. Үйде немерелері қазақтың әуелеген әнімен өсіп келеді.

Тұрлан БИСЕНБАЕВ, ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІ:

Бала сенің тәрбиеңе қарамайды, өзіңнің қылықтарыңа, өзіңнің жүрген жүріс-тұрысыңа, сөйлеген сөзіңе қарап тәлім алады бала деген. Мен мына домбыраны жаса деп айтқан жоқпын. Айтпағанмен де өздері әр нәрсені білмеген жерін сұрайды соны көрсетемін мен мынадай қылады деп. Мен жасап жатқанда балалар қайда барады. Балам өзі жасап жатыр, сатып жатыр, екі жерде дүкені бар. Жан-жаққа жіберіп жатыр. Шүкір өзімен өзі айналысып жатыр.

Өнегелі отбасынан ауылдастары да үлгі алады. Жанына топтасып, қолөнердің қыр-сырын меңгеріп жүр. Шеберлер ұлттық өнерді ұрпағы жалғастыратына сенімді.