Бразилия құрамасының шабуылшысы Неймар 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Боливиямен өткен матчта қос голдың авторы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Неймар ұлттық құрама сапында соққан гол санын 79-ға жеткізіп, бұл көрсеткіш жөнінен атақты «футбол королі» Пелені (оның есебінде 77 доп бар) басып озып, Бразилияның үздік сұрмергені атанды.
Аталған ойында Бразилия Боливияны 5:1 есебімен ойсырата ұтты. 17-минутта Неймар 11 метрлік айып добынан мүлт кетті. Дегенмен 24-минутта Родриго есеп ашса, екінші тайм басында Рафинья 2:0-ге жеткізді. Содан кейін Родриго көзге түссе, 61-минутта Неймар мергендік танытты. 78-минутта Боливиядан Виктор Абрего жауап қайырғанымен, Неймар қосымша уақытта матч нүктесін қойды.
Биылғы жазда Неймар саудиялық «Аль-Хиляль» клубына алынған болатын. Өткен маусымда Франция чемпионатында «ПСЖ» намысын қорғап, 13 гол, 11 нәтижелі пастың авторы атанды. Сондай-ақ 31 жастағы шабуылшының 2013-2017 жылдары «Барселона» құрамында доп тепкені белгілі.