Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда алапат өрттен 6 адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2016
  • 3085

Алматыда алапат өрттен 6 адам ажал құшты. Жексенбі күні кешкісін қаладағы ең биік құрылыс нысандарының бірі «Алматы Тауэрс» отқа оранды. Ел аузында «егіз ғимарат» атанып кеткен бизнес кешенінде құрылыс жұмыстары жүріп жатқан сәтте өрт шыққан. Алдын ала болжамға қарағанда, жалынға дәнекерлеу жұмыстары себеп болған. Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғап, кінәлілерді анықтап жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Өрт кешқұрым ел аяғы басылмай тұрғанда лап берген. Ұшқын артымыздағы ғимараттың алтыншы қабатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарынан шығуы мүмкін деген дерек бар. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенше, алау жан-жаққа жайылып үлгерген. Негізінен ағаш және тұтанғыш резинадан тұратын батут өртенген. Куәгерлердің айтуынша, ғимараттан 200-ге жуық адам сыртқа шығарылған. Күн жексенбі болғандықтан, кинотеатр мен мейрамхана жұмыс істеп тұрған.

Серік Әубәкіров, Алматы қаласы ТЖД басшысы:

Жалынды ауыздықтауға өрт сөндіру гарнизонының 150 адамы мен ішкі істер департаментінің 100-ге жуық мамандары жұмылдырылды. Өрттің шығуына екі түрлі себеп болуы мүмкін. Дәнекерлеу жұмыстары немесе электр құрылғыларының дұрыс жұмыс істемеуі.

Қазір өрттің нақты себебін анықтау үшін сараптамалар тағайындалды. Жалын шарпыған аумақтың көлемі - 1800 шаршы метр. Оқиға орнында құрылыс жүргізген адамдар өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамауы мүмкін бе деген сұрақтың басы ашық күйінде қалды. Шахар әкімінің орынбасары ғимаратта жөндеу жұмыстарын жасаған мекеме өкілінің бұл сауалға жауап беруін талап етті.

-Вот на камеру скажите, почему вы в воскресенье проводили эти работы? - Сейчас идет следствие, я точно не могу сказать. - Следствие не  вы проводите. Вы почему в выходные дни работали и без разрешения? Кто вам дал такое право? 

Қаза тапқан алты адамның бірі - 54 жастағы дәнекерлеушінің денесі түнде табылған еді. Өзгелерін іздеу жұмыстары бүгін түске дейін жүргізілді. Құтқарушылар үйінді арасынан тағы 5 адамның денесін тапты.

Румиль Тауфихов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

Құрылысшылар неге демалыс күндері жұмыс істеген?! Бірінші кезекте осы жағын анықтаймыз, заң аясында кінәлілер жазалануы тиіс. Алдын ала ақпарат бойынша құрылыс бригадасында мұндай жұмыстарға рұқсат болмаған.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

Өрттің себеп-салдарын анықтау барысында, оқиағаның өзге де мән-жайларын анықтау мақсатында сараптамалар тағайындалатын болады. Сараптмалар негізінде кінәлілер анықталып, жауапқа тартылатын болады.

Өртенген бизнес кешенінде орналасқан бірнеше компания зардап шекті. Мейрамханалар мен кинотеатрлар, түрлі кеңселерден бөлек, Қазақстан қор биржасының орталығы да осы жерде. Ұлттық Банк жазбаша ақпар таратып, қор биржасының қаржылық операциялары қосалқы резервтегі орталықтан жүргізілетінін мәлімдеді. Ал өртенген ғимараттың астыңғы қабатындағы кәсіп иелері техникалары мен жиһаздарын алып кетіп жатты.

Жансерік Кеңес, кеңсе жұмысшысы:

Өрт бізге жеткен жоқ. Құдайға шүкір. Бірақ отты сөндіру кезінде аққан судың бәрі осында келді. Мына жердің бәрі су болып кетті.

Марқұмдардың қандай жағдайда қаза болғанын тиісті сараптама анықтауы керек. Олар ысқа уланып, дер кезінде шыға алмай қалуы мүмкін деген болжам басым. Қаза тапқан алты адамның барлығы - қарапайым жұмысшылар. Осы кезде олардың бесеуінің жеке басы анықталған. Әкімдік марқұмдардың отбасыларына тиісті материалдық көмектер көрсетілетінін жеткізді.

Айта кетейік, соңғы бір жылда Алматыда «Юбилейный» дүкені, «Олжа» базары, «Жетісу» қонақ үйі сынды ірі кешендер отқа оранды. Төтеншеліктер олардың барлығында қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы басты себеп болғанын алға тартқан еді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ