Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы қаласының жылу маусымына дайындығы тексерілді

Алматыдағы «Оңтүстік» аудандық қазандығының қайта жаңарту жұмыстары 95 процентке дайын. Жоба аясында 3 ескі су жылыту қазандығы алмастырып, біреуіне күрделі жөндеу көзделген. Қаланың энергетикалық инфрақұрылымының жылыту маусымына дайындығын шаһар басшысы Ерболат Досаев тексерді.

 «Оңтүстік» қазандығының қайта жаңарту жұмыстары 2019 жылы басталған. «Биылғы жылдың жылыту маусымына дейін толықтай аяқталады»,- дейді жауаптылар. Бұл қазандық Бостандық ауданының 200 мың тұтынушысын жылу және ыстық сумен қамтамасыз етеді.

Абзал ЖАҒЫПАРОВ, ҚАЗАНДЫҚ ЖАБДЫҚТАРЫН ПАЙДАЛАНУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ М.А.:

Реконструкция жұмыстары толық аяқталған кезде 55 Гкал-дан 190 Гкал қуатқа дейін көтеруді көздеп отырмыз. Технология бойынша барлық жұмыстар орындалған. Қазір пусконаладка жұмыстары болады. Жаңадан қойылған қазандықтардың бәрін қосып, тексеріп, толықтай қуаттылығын есептеп шығарып аламыз.

Сондай-ақ қала әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданындағы тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы аясында салынған нысанға барды. Жаңа тұрғын үй өткен ғасырдың 50-жылдарында тұрғызылған қаңқалы-қамысты екі қабатты үйдің орнына салынған. Бүгінде 40 отбасы жаңа пәтерлеріне көшіп үлгерді.

Ерболат ДОСАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ.

Жақын арада бұл үйлерге газ қосылады. Тұрғындар бірқатар шағымдарын да айтты, олардың бәрі ескеріледі. Барлық отбасыларды көшіріп болған соң, кезең-кезеңімен басқа да үйлерді пайдалануға береміз. Қалада тозығы жеткен үйлердің саны өте көп. Жоспар бойынша алдағы уақытта бұл мәселелер шешіледі.

Бұдан бөлек қала басшысы мегаполистегі басқа да нысандарды аралады. Оның ішінде жаңадан ашылған №18-ші емхана, Әуезов ауданындағы жөндеуден өткен жерасты өткелі мен саябақ, сонымен қатар Үлкен Алматы каналының бойындағы көпір бар.