Русский Сайттың толық нұсқасы

Б.Сағынтаев: Ауыр науқастарға дәрі-дәрмекті дер кезінде жеткізбегендерді қызметтен қуу керек

  • AstanaTV
  • 08 қараша 2016
  • 2950

Ауыр науқастарға дәрі-дәрмекті дер кезінде жеткізбегендерді қызметтен қуу керек. Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев тендерлерді тиімді өткізбеген «СК-Фармация» мекемесіне осылай шүйлікті. Көптеген аймақтарда тегін таратылатын препараттардың науқастарға кешігіп жететінін үкіметтік емес ұйым мүшелері де растады.  Айгүл Әдепбай толығырақ.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Үкімет отырысының басым бөлігі «Денсаулық» бағдарламасының орындалу барысына арналды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жоғарғы оқу орындарында педиатрия факультеттерін жандандыруды тапсырды. Өйткені 2007 жылдан бастап педиатрия факультеті қысқарып, жалпы медициналық бағытпен біріктірілген. Салдарынан бүгін маман тапшылығы көзге ұрып тұр. 2012 жылы 10 мың халыққа 4 педиатрдан келсе, 2015 жылы бірқатар өңірлерде (Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар) 10 мың адамға 1 ғана бала дәрігері қызмет ете алатын болып шыққан.

Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Балалар дәрігері болу үшін резидентураны аяқтау керек. Сондықтан студенттер бұл мамандықты игеруге құлықсыз. Педиатрия бойынша 2012 жылы 742 студент оқып шықса, 2013 жылы 423 педиатр бітірді. Ал 2014 жылы не бары 7 түлек қана  педиатр мамандығын алып шықты. 

Ал Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жаңа оқу жылынан бастап педиатрларды қайта даярлауды тапсырғанмен, сала шенеуніктері дайын емес сияқты. Ал ақтөбелік маман педиатрия мамандығын қысқарту арқылы қатты ұтылдық деп отыр.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары:

Ашуға дайынбыз деп айтуға болмайды. Бірақ біз қажетті шаралар біз өткізуге уақытымыз бар деп ойлаймыз.

Балаш Түсіпқалиев, медицина ғылымдарының докторы:

Сапа жағынан ұтылдық, біріншіден, күні кешеге дейін бір учаскелік педиатрға 700-800 бала қарайтын. Оның ішінде бір жасқа дейінгі бала көп болғанда 15-20 болатын. Ал қазір бір жалпы тәжірибелік дәрігерде 1500-2000 адам бар. Оның қаншасы бала, қаншасы 1 жасқа дейінгі бала - ешкім есептеп жатқан жоқ.

Үкімет басшысының орынбасары онкологиялық ауруларды ерте кезден анықтау бағдарламасын енгізуді ұсынды. Иманғали Тасмағамбетовтің дерегінше, жыл сайын елде 17 мыңдай адам осы дерттен көз жұмады. Оның 42 пайызы - еңбекке қабілетті жандар. Соңғы 10 жылда қатерлі ісікке шалдыққандар саны 8 пайызға артқан. Тасмағамбетов операциядан соң науқастардың қалпына келу мерзімінің қысқалығын айтады. Біздегі орталықтарда бір адам жарты ай ғана жатады, ал Германияда ол 25 күннен кем емес көрінеді. Премьер осы тұста тегін дәрі-дәрмекті халыққа уақытылы жеткізбей отырғандарды жұмысынан сыпыра қуу керек деді. Дәрімен қамтамасыз етуші бас дистрибьютор «СК Фармацияның» қызметін сынады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі: 

Жиһаз немесе компьютер жеткізген кезде тендерді кейінге қалдырып немесе ол өтпеді деп сылтаурата аламыз. Ал дәрі-дәрмекпен ойнауға болмайды. Егер тендер дер кезінде өтпесе, ондай басшыларды жедел түрде қуу керек. «СК Фармацияға» үлкен ескертулер бар. Дұрыс жұмыс істеу үшін олардың барлық жұмысын қайта қарау керек.  

Медициналық препараттарды ауыр халдегі науқастарға жеткізбегендер қатарында барлық өңірлерді атауға болады дейді, - «Аман-саулық» қоғамдық қорының басшысы.

Бақыт Түменова,  «Аман-саулық» ҚҚ президенті: 

Алматы облысы, Ақтөбе облысы, Өскеменде де. Тендер өткізілмегені кімге байланысты, оларды кәдімгі жауапқа тарту керек.

Бақытжан Сағынтаев медициналық техниканы жеткізуде де осындай проблема барын атап өтті. Медқондырғылар шығаратын отандық кәсіпорындар, әкімдіктер тауарларын алмайды деп, жиі шағымданатын көрінеді. Дегенмен 25 жылда медицина саласында жетістіктер де жоқ емес.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы ұлғайып, 72 жасқа дейін жетіп отыр. Тәуелсіздік алған 25 жылда өмір сүру ұзақтығымыз ол кезде 67 жас болған. 25 жыл ішінде 5 жылға өмір сүру ұзақтығы ұлғайып отыр. 

Ал денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің ақпарынша, медициналық мекемелерді техникалық жабдықтау үшін жаңа бағдарлама керек. Өйткені жыл аяқталып қалғанына қарамастан, аймақтардың көбі қандай медициналық техника қажеттігін айтпаған. Сондықтан Тамара Дүйсенова Үкімет басшысынан қарашаның 15 дейін әкімдіктерге тапсырма беріп, ақпарат алуға көмектесуді сұрады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ