Русский Сайттың толық нұсқасы

Мектептерде буллингке қарсы бірыңғай бағдарлама енгізіледі

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2023
  • 721

Елімізде білім беру ұйымдарындағы буллингке қарсы бірыңғай бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізге білім беру ұйымдары мен оның сыртындағы буллинг пен қудалау фактілері туралы шағымдар түсіп жатады. Оның ішінде әлеуметтік желі арқылы да деректер тіркелуде. Осыған байланысты бүкіл елге арналған бірыңғай буллингке қарсы бағдарлама әзірлеуді бастадық. Ол бағдарлама елдегі бүкіл білім беру ұйымдарында қолданылатын болады.
Бағдарлама аясында балалармен буллингтің не екені, оның зардабы туралы, жаман үрдіс екені туралы әңгіме жүргізіледі. Балалар мен мұғалімдер бір-бірін түсінуді, проблеманы бірге әрі бейбіт жолмен шешуді үйренеді», - деді Еділ Оспан.

Оның айтуынша, балалардың бұл мәселеде жалғыз емес екенін түсінуі маңызды.

«Мектептерде балалар проблемаға тап болса, ересектермен сөйлесуіне арналған орындар құрылады. Осылайша бала, ата-ана, мұғалім үштігі бірге жұмыс істеп, мектепті қауіпсіз ортаға айналдыруға күш салады.
Бағдарламаға тәрбиелік компоненттер де қосылады. Сынып сағаттары мен ата-аналардың жиналыстарында бұл мәселе көп талқыланады. Буллингке қарсы бағдарламаның тиімділігіне онлайн модуль арқылы мониторинг жүргізіледі және ай сайын білім беру ұйымдарындағы буллинг деректері жинақталып отырады», - деді вице-министр.